Анар Жомартова: Ішімдіктен кейін туындайтын ас қорыту жүйесіндегі белгілерді елемеуге болмайды
Ішімдік ас қорыту жүйесіне кері әсер етіп, асқазан, бауыр және ұйқыбездің жұмысын бұзуы мүмкін. Одан кейін пайда болатын қыжыл, жүрек айну және өзге де жайсыздықтар көбіне елеусіз қалып жатады. Асқазан-ішек жолдарының қалпына келу мүмкіндігі, аурудың алдын алу жолдары және ішімдіктің ағзаға әсері туралы Астана қаласы №4 емхананың жоғары санатты гастроэнтерологы Анар Жомартова Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Ішімдік ас қорыту жүйесінде бірқатар аурудың дамуына себеп болуы мүмкін. Гастроэнтерологтың айтуынша, жиі тұтынатын адамдар түрлі шағымдармен дәрігер көмегіне жүгінеді екен.
«Ішімдік ас қорыту жүйесіне, әсіресе асқазанға зиян келтіреді. Спиртті ішімдіктер асқазан сөлінің бөлінуін арттырып, тұз қышқылының мөлшерін көбейтеді. Соның салдарынан асқазан кабынады. Мұндай жағдайда адамдар көбіне жүрек айнуына, құсуға, тәбеттің төмендеуіне, қыжылға, асқазан тұсындағы ауырлық сезіміне және іштің жоғарғы бөлігіндегі ауырсынуға шағымданады. Егер асқазанның шырышты қабығында қабыну үдерісі бұрыннан бар болса, алкоголь оның одан әрі асқынуына себеп болуы мүмкін.
Ішімдікті жиі тұтыну алкогольдік гастриттің дамуына әкеледі. Алкогольдің әсерінен асқазанның шырышты қабығы жұқарып, өзінің қорғаныш қасиетін жоғалтады. Соның нәтижесінде ол асқазан сөлінің және басқа да қауіп төндіретін факторлардың әсеріне әлдеқайда сезімтал болады. Сонымен қатар алкоголь асқазанның табиғи қорғаныш қабатын бұзады. Бұл ұсақ қан тамырларының зақымдануына, қанмен қамтамасыз етілуінің нашарлауына және шырышты қабықтың қалпына келу қабілетінің төмендеуіне алып келеді», - деді Анар Жомартова
Ішімдік бойынша түсетін шағымдардың ішінде ең көп кездесетін диагноздардың бірі – гастрит.
«Ішімдікті шамадан тыс тұтынатын адамдарда гастриттің бірнеше түрі, соның ішінде үстірт және атрофиялық гастрит жиі кездеседі. Шырышты қабықтың жұқаруы, ісінуі, эрозиялар мен қан кету процестері байқалады. Ұзақ уақыт бойы алкоголь қолдану асқазан жарасының даму қаупін арттырады.
Алкогольдің асқазанға тигізетін кері әсері тәбеттің төмендеуінен, қыжыл, кекіру, жүрек айнуы және іштің жоғарғы бөлігіндегі ауырсыну арқылы байқалуы мүмкін. Ең бастысы – алкоголь айқын белгілер болмаса да асқазан-ішек жолына зиян келтіретінін ұмытпау керек. Сондықтан ішімдіктерден бас тарту немесе оларды тұтынуды барынша шектеу ас қорыту жүйесінің саулығын сақтаудың маңызды шарты», - деп атап өтті дәрігер.
Қоғамда реттік немесе аз мөлшердегі ішімдік ағзаға әсер етпейді деген пікір қалыптасқан. Алайда маман ең төменгі мөлшердің өзі денсаулыққа қалай әсер ететінін түсіндірді.
«Алкогольдің қауіпсіз мөлшері жоқ. Тіпті аз мөлшердегі ішімдіктің өзі асқазанның шырышты қабығына әсер етіп, қышқылдың бөлінуін күшейтеді және асқазан-ішек жолында қабыну процестерінің дамуына ықпал етеді. Әсіресе гастрит, асқазан жарасы, бауыр, ұйқыбез немесе өңеш аурулары бар адамдар үшін алкоголь аса қауіпті. Мұндай жағдайда аз мөлшердің өзі аурудың асқынуына себеп болуы мүмкін.
Кейбір адамдар «сирек немесе аз мөлшерде ішімдік ішу денсаулыққа зиян келтірмейді» деп санайды. Алайда қазіргі ғылыми деректер ағза үшін толық қауіпсіз алкоголь деңгейі жоқ екенін көрсетеді. Денсаулыққа келетін зиян адамның жасына, денсаулық жағдайына, қатар жүретін ауруларына және ағзасының ерекшеліктеріне байланысты. Сондықтан, медициналық тұрғыдан алғанда ішімдікті неғұрлым аз тұтынған сайын денсаулыққа төнетін қауіп те соғұрлым төмен болады», - дейді Анар Жомартова.
Қазіргі жастар арасында ішімдікке әуестік артқан сайын, оның ағзаға тигізетін кері әсері де өзекті мәселеге айналып отыр.
«Менің тәжірибемде жас пациенттер кездеспеді. Дегенмен, ішімдіктің ауыр зардаптары тек егде жастағы адамдарда немесе ұзақ жылдар бойы ішімдікке әуес болған адамдарда ғана болады деп ойлау дұрыс емес. Кей жағдайларда ауыр асқынулар жас адамдарда да кездесуі мүмкін. Сондықтан жас ағза алкогольдің зиянды әсерінен толық қорғалған деп айтуға болмайды. Тіпті салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде ішімдік тұтынудың өзі денсаулыққа елеулі зиян келтіруі мүмкін», - дейді дәрігер
Көпшілігі ішімдіктен кейінгі жайсыздықты елемей жатады. Бірақ асқазан, бауыр және ұйқыбез ауруларының басталуы көбіне алғашқы жеңіл белгілер арқылы байқалады.
«Алкогольдің ас қорыту жүйесіне теріс әсерінің алғашқы белгілері көбіне елеусіз қалады. Көпшілік оларды шаршаумен, артық тамақтанумен немесе сапасыз тағаммен байланыстырады. Асқазан зақымданған кезде қыжыл, жүрек айнуы, тамақтан кейінгі ауырлық сезімі, іштің жоғарғы бөлігіндегі ауырсыну немесе жайсыздық, тәбеттің төмендеуі, кекіру байқалуы және ішкен асты құсып тастауы мүмкін. Бұл белгілер гастриттің немесе басқа да асқазан ауруының дамуын көрсетуі ықтимал.
Бауыр қызметінің бұзылуы әлсіздік, тез шаршау, тәбеттің төмендеуі, оң қабырға астындағы ауырлық сезімі немесе жайсыздық секілді байқалуы мүмкін. Бірақ бауыр ауруларының ерте кезеңінде айқын белгілер бола бермейтінін де ескерген жөн. Ұйқыбез зақымданғанда іштің жоғарғы бөлігінде ауырсыну пайда болып, ол кейде арқаға таралады. Сонымен қатар жүрек айнуы, құсу, іштің кебуі және нәжістің бұзылуы байқалуы мүмкін. Кей жағдайда жедел панкреатит дамып, шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.
Егер мұндай белгілер ішімдік ішкеннен кейін пайда болып, кейін өздігінен жоғалып кетсе де, оларды елемеуге болмайды. Бұл ас қорыту жүйесінің шамадан тыс жүктемеге ұшырап жатқанын көрсететін белгі», - деп ескертеді маман.
Қыжыл (изжога), асқазанның ашуы, жүрек айну – ішімдіктен кейін ең жиі байқалатын белгілердің бірі. Бұл туралы толығырақ Анар Жомартова түсіндіріп өтті.
«Мұндай белгілер алкогольдің асқазан мен өңештің шырышты қабығына тікелей әсер етуінен пайда болады. Ішімдік тұз қышқылының бөлінуін күшейтіп, асқазанның қорғаныш қабатын әлсіретеді және қабыну процесінің дамуына ықпал етеді. Қыжыл асқазан қышқылының өңешке кері өтуінен пайда болады. Ал, жүрек айнуы ағзаның алкогольдің уытты әсеріне берген қорғаныш реакциясы. Асқазанның ашуы, ауырсыну немесе жайсыздық сезімі шырышты қабықтың тітіркеніп, зақымданғанын көрсетеді.
Көптеген адамдар мұндай белгілерді уақытша жайсыздық ретінде қабылдайды. Алайда оларды қалыпты жағдай деп санауға болмайды. Егер бұл шағымдар әрбір ішімдік ішкеннен кейін немесе жиі қайталанып отырса, бұл гастриттің, гастроэзофагеальді рефлюкс ауруының немесе асқазанның эрозиялық зақымдануының белгісі болуы мүмкін. Бастапқы кезеңде бұл өзгерістерді тоқтатуға болады. Бірақ, алкогольді тұтыну жалғаса берсе, қабыну үдеп, уақыт өте келе эрозияларға, жараларға, қан кетулерге және басқа да ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Сондықтан, қыжыл, жүрек айнуы, асқазанның ашуы сияқты белгілерді ағзаның дабыл белгісі ретінде қабылдап, оларды ескеру қажет», - дейді гастроэнтеролог.
Ағза саулығын сақтауда басты қағида – уақытылы тексерілу арқылы аурудың алдын алу.
«Асқазан-ішек жолының көптеген аурулары бастапқы кезеңдерде айқын белгілерсіз дамуы мүмкін. Бұл әсіресе бауыр ауруларына, майлы гепатозға, созылмалы гастритке және ұйқыбез ауруларына тән. Сондықтан тұрақты түрде профилактикалық тексеріліп тұру маңызды. Жалпы және биохимиялық қан талдауын тапсырып, бауыр көрсеткіштерін бақылаған жөн. Сонымен қатар іш қуысы ағзаларының ультрадыбыстық зерттеуінен уақытылы өтіп тұру ұсынылады. Егер асқазан немесе өңеш тарапынан шағымдар болса, дәрігер гастроскопия тағайындауы мүмкін. Бұл зерттеу асқазан мен өңештің жағдайын бағалауға және ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. 45-50 жастан кейін ішек ауруларын ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулердің де маңызы зор. Уақытылы тексерілу көптеген аурулардың алдын алуға және оларды бастапқы кезеңінде анықтауға көмектеседі», - деп атап өтті дәрігер.
Денсаулықты қалпына келтіру өмір салтын өзгертуден басталады. Мұндай жағдайда зиянды әдетті ерте тоқтату ең тиімді қадамның бірі. Дер кезінде қабылданған шешім ас қорыту жүйесіндегі өзгерістң кері әсерін азайтуға ықпал етеді.
«Асқазан-ішек жолдарының белгілі бір дәрежеде қалпына келу мүмкіндігі бар. Ішімдіктен толық бас тартқаннан кейін асқазанның шырышты қабығындағы қабыну азайып, бауыр мен ұйқыбездің қызметі жақсарады, ас қорыту процестері біртіндеп қалыпқа келеді. Алайда, қалпына келу деңгейі ішімдік қанша уақыт және қандай мөлшерде тұтынғанына байланысты. Егер ауыр құрылымдық өзгерістер, мысалы бауыр циррозы немесе шырышты қабықтың айқын атрофиялық зақымдануы қалыптасып үлгерсе, оларды толық қалпына келтіру мүмкін бола бермейді. Сол себепті, алкогольден неғұрлым ертерек бас тартса, ағзаның қалпына келу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», - дейді Анар Жомартова.
Ас қорыту жүйесінің саулығын сақтау мәселесінде маман алдын алу шараларына ерекше мән береді.
«Ас қорыту жүйесінің саулығын сақтау үшін ең алдымен дұрыс тамақтану қағидасын ұстану қажет. Тамақтану тәртібін сақтап, майлы, қуырылған және шамадан тыс ащы тағамдарды шектеген жөн. Сонымен қатар, жеткілікті дене белсенділігін сақтап, артық салмақтың алдын алу маңызды. Кез келген жайсыздық немесе шағым пайда болған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралу қажет. Ауруларды ерте кезеңде анықтау емнің тиімділігін арттырады.
Ал, ішімдіктің алдын алу тұрғысынан алғанда, адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Ішімдікті күйзелістен шығудың немесе демалудың құралы ретінде қабылдамау керек. Ең бастысы – оны қауіпсіз мөлшері болмайтынын есте сақтау қажет. Спиртті ішімдіктерден толық бас тарту немесе оларды тұтынуды барынша шектеу ас қорыту жүйесінің ғана емес, жалпы ағзаның саулығын сақтаудың тиімді жолдарының бірі», - деп түйіндеді гастроэнтеролог.
Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – әр адамның өз қолында. Зиянды әдеттерден бас тарту, уақытылы тексерістен өту ас қорыту жүйесінің ғана емес, бүкіл ағза саулығын сақтауда маңызды қадам болып қала береді.
Авторы: Мадина Ізекенова