Алматыда өздерін агрессивті әрі әдепсіз ұстаған шетелдік жасөспірімдер ұсталды
Алматыда полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда құқыққа қайшы мінез-құлық көрсеткен жасөспірімдерді анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тексеру жүргізуге әлеуметтік желіде таралған видеолар негіз болған. Онда бір топ жасөспірімнің қоғамдық орында жүрген азаматтарға қатысты агрессивті әрі әдепсіз әрекеті түсірілген. Кәмелетке толмағандар анықталып, аумақтық полиция бөлімшесіне жеткізілді.
«Жасөспірімдер Тәжікстан азаматтары екені анықталды. Қазір олар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Тексеру нәтижесі бойынша олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, Қазақстанның көші-қон заңнамасына сәйкес ел аумағынан шығару шарасы қарастырылып жатыр», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта полиция әрбір дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Сол бойынша құқықтық баға беріледі.
Еске сала кетсек, Ақтөбеде салымшылардан 197 млн теңгеден астам қаражат тартқан HRT пирамидасын ұйымдастырушылар ұсталды.