8–9 қараша күндері өңірдегі бірқатар тасжолда жазғы дөңгелекпен жабдықталған көліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Атап айтқанда, шектеулер Астана — Щучинск, Астана — Шідерті — Павлодар және Көкшетау — Атбасар бағыттарында қолданылды.
Сонымен қатар ауа райы мен жол жағдайына байланысты республикалық тасжолдардың жекелеген учаскелерінде жылдамдық режимі төмендетілді.
«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам көлікті кері қайтарды. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қозғалысқа қатысушылардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері бұған дейін жүргізушілерге қысқы дөңгелекке уақытылы ауысу қажеттігін бірнеше рет ескерткен. Алайда кейбір жүргізушілер ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қыс мезгіліне дайын емес көліктермен жолға шығуын жалғастырған.
ІІМ жүргізушілерді қысқы дөңгелекке уақытылы ауысуға, сапарды жоспарлау кезінде ауа райын ескеруге, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтауға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола және Павлодар облыстарында республикалық жолдарда қозғалысқа шектеу енгізілгені туралы жаздық.