Астанадағы №82 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінде Әкелер одағының қатысуымен «Әке тәлімі – өмір азығы» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті. Оған бастауыш сынып оқушылары мен олардың әкелері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шара отбасындағы әкенің тәрбиелік рөлін арттыру, әке мен бала арасындағы байланысты нығайту, оқушыларды отбасылық құндылықтарға баулу, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Республикалық Әкелер одағы қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы филиалының төрағасы Бекдайыр Нығметұлы мұндай тәрбие сағаттарының маңызы зор екенін айтады.
«№82 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейіне бүгін Әкелер одағының атынан әке тұлғасының отбасы мен қоғамдағы маңызын насихаттау үшін келдік. Осындай шаралардың білім ошақтарында ұйымдастырылуы орынды деп ойлаймын. Неге десеңіз, баланың өмірге деген, қоғамға деген көзқарасы осы мектепте оқып жүрген шәкірт кезінде қалыптасады. Оның рухты болып өсуіне, әкеге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімі қалыптасуына, жалпы үлкендерді, ұстазды сыйлауына бүгінгідей іс-шаралардың үлесі көп. Әке мен бала арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттыру, отбасылық тәрбие мен мектеп арасындағы байланысты күшейтудің маңызы зор. Сондықтан ұйымдастыруға атсалысқан мектепке алғысымды білдіремін», - деді ол.

Бекдайыр Нығметұлы қатыгез балалардың көбейгені алаңдататынын баса айтты.
«Қазір қатыгез балалар көбейді дейміз. Баланың жүрегіне мейірім дәнін егетін – ата-ана. Бірінші кезекте бала тәрбиесі – ата-ананың жауапкершілігінде.
Осыдан 5-10 жыл бұрынғымен салыстырғанда, әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлі артып келе жатыр. Әкелер одағы болып бала тәрбиесіне ерекше назар аударып отырамыз.
Біз оқу жылы басталғаннан аяқталғанға дейін қаладағы мектептерге барып, тәрбиелік шаралар ұйымдастырып келеміз. Мемлекет тарапынан Оқу-ағарту министрлігінің «Адал азамат» және «Біртұтас тәрбие» бағдарламалары арқылы шаралар ұйымдастырылып жатыр», - деді ол.
Бастауыш сынып оқушылары мен әкелері қатысқан бұл кездесуде оқушылар өз әкелеріне арналған өлеңдер мен шағын шығармаларын оқыды. Сонымен қатар әкелер мен балалар бірлесе отырып қызықты ойындар мен тапсырмалар орындады. Бұл әрекеттер отбасындағы жылылық пен өзара түсіністікті арттыруға бағытталып отыр.

№82 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Болат Мұңбаев әкенің бала өміріндегі рөлі туралы айтты.
«Әке – отбасының тірегі, баланың өмірлік бағдары. Ол ұлға – үлгі, қызға – қорған. Қазақта «Әке – асқар тау» деген сөз бар, расында да, әке – отбасының берекесі мен тәрбие мектебі. Қазіргі заманда әкенің бала тәрбиесіне белсенді араласуы өте маңызды. Әке – баланың жауапкершілігін, еңбекқорлығын, адалдығын қалыптастырады. Мықты әкелер мықты отбасыларды, ал мықты отбасылар берік елді құрайды. Әр бала әкелерін қадірлей білгені қандай жақсы. Себебі әке – өмірдегі ең үлкен ұстаз. Әкенің өнегесі – баланың болашағына жол ашады», - деді ол.

Тәрбие сағатына балаларға өзінің өмірлік жолын, өнегелі әңгімесін айтуға келген қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, рекордсмен, «Темір адам» атымен танымал Темір Спатаев бала тәрбиесіне қатысты пікір білдірді.
«Бәріміз де әкеміз, сондықтан бұл мен үшін де өзекті. Бала тәрбиесі әрбір ата-ана үшін маңызды. Біз ұрпақ тәрбиесінде айтудан гөрі үлгі болудың маңызы айрықша екенін ескеруіміз керек. Сондай-ақ балаға қатыстының бәріне қырағы болуымыз керек. Ол не ішеді, не тыңдайды, не көреді, кіммен араласады? Уақытты үнемдеу, жоспарлау, өзін темірдей тәртіпте ұстау, еңбекқорлық, уәдеде тұру деген сияқты дүниелерге ерекше мән беремін», - деді ол.

Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.