Акционерлік қоғамның басқарма мүшесі директорлар кеңесінің шешімін Конституциялық Сотта даулады
Конституциялық Сотқа «Акционерлік қоғамдар туралы» заңның 58-бабы 7 және 8-тармақтарын Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініш түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Өтініш беруші бұрын акционерлік қоғамның басқарма мүшесі болған, алайда оның өкілеттігі директорлар кеңесінің шешімімен мерзімінен бұрын тоқтатылған. Кейіннен директорлар кеңесінің шешімі негізінде қоғамның бұйрығымен онымен жасалған еңбек шарты да мерзімінен бұрын бұзылған.
Өтініш беруші директорлар кеңесінің шешімін жарамсыз деп тану және еңбек шартын мерзімінен бұрын тоқтату туралы бұйрықты жою жөнінде ұжымдық талап арызбен сотқа жүгінген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тартып, өтініш берушінің директорлар кеңесінің шешімдерін даулауға уәкілетті тұлғалар қатарына жатпайтынын көрсеткен, себебі ол директорлар кеңесінің мүшесі де, қоғамның акционері де болып табылмайды», - делінген хабарламада.
Өтініш берушінің пікірінше, директорлар кеңесінің шешімдеріне шағым жасауға құқығы бар тұлғалар шеңберін шектеу құқықтық олқылық тудырып, мүдделі тұлғалардың сот арқылы қорғалу құқығын негізсіз шектейді.
Конституциялық Сот «әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар» деген конституциялық қағидат кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа жүгіну құқығын білдіретінін еске салды. Бұл құқықты іске асыру заңда белгіленген негіздер мен тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
Директорлар кеңесі қоғамды жалпы басқаруды жүзеге асырады және атқарушы органның қалыптастырылуы мен өкілеттігін тоқтату мәселелерін қоса алғанда бірқатар мәселелерді шешеді. Сонымен қатар ол атқарушы органның құзыретіне, оның ішінде қызметкерлердің еңбек қатынастарына араласуға құқылы емес. Қызметкер жұмыс берушінің әрекеттеріне шағым жасауға құқылы, өтініш беруші бұл құқықты пайдаланған.
Директорлар кеңесінің шешімдері ішкі құзыреттерді бөлу шеңберінде қабылданатын корпоративтік актілер болып табылады және оларды заңның немесе жарғының бұзылуына байланысты негіздер бойынша тек акционерлер мен директорлар кеңесінің мүшелері ғана даулай алады.
Осыған байланысты өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдау үшін құқықтық негіздер жоқ деп танылды.
Бұған дейін Конституциялық Сот жер иелерінің сот арқылы қорғалу тәртібін нақтылаған болатын.