3 мың SIM-карта және SIM-бокстар: Астана полициясы алаяқтардың жаппай қоңырау шалу офисін жапты

Бүгін, 13:33
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
3 мың SIM-карта және SIM-бокстар: Астана полициясы алаяқтардың жаппай қоңырау шалу офисін жапты
Фото: freepik.com

Астана қалалық киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Павлодар облысы полиция департаментінің мамандарымен бірлесіп, алаяқтардың қоңырау генерациялайтын орталығының жұмысын тоқтатты, деп хабарлады Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында пәтерді телефон арқылы алаяқтыққа арналған жаппай қоңырау шалу офисіне айналдырған шетелдің үш азаматы ұсталды.

«Тінту кезінде 6 SIM-бокс, шамамен 3 мың SIM-карта, сондай-ақ компьютерлер мен ноутбуктер тәркіленді. Мұндай жабдық ондаған нөмірді бір уақытта қолдануға және абонент деректерін өзгертуге мүмкіндік береді, бұл алаяқтардың азаматтарды алдау кезінде жиі пайдаланатын тәсілі.

Аталған факті бойынша абоненттік құрылғының идентификациялық кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қосымша қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарға белгісіз нөмірлерден қоңырау түскен жағдайда сақ болуға, жеке мәліметтерді жарияламауға және күмәнді әрекеттер байқалғанда дереу «102» нөміріне хабарлауға шақырады.

Бұған дейін 1414 SMS-шлюзін пайдаланатын ақпараттық жүйелерге кіру қосымша қорғалатынын және тек биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе арнайы QR-код (eGov QR) арқылы ғана мүмкін болатынын жазған болатынбыз.