2026 жылы салық режимін таңдау: нені ескеру маңызды
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда арнайы салық режимдерінің үш түрі қолданылатынын хабарлайды.
Салық төлеушілерге аталған режимдердің бірін 2026 жылғы 1 наурызға дейін таңдау қажет:
- өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі;
- оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі;
- шаруа немесе фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған арнайы салық режимі.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі (таңдауды растау қажет)
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануды жоспарлаған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық режимі туралы хабарламаны ұсынуы тиіс.
Егер хабарлама белгіленген мерзімде ұсынылмаса, салық төлеуші автоматты түрде 2026 жылдың 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады.
Хабарламаны келесі тәсілдермен ұсынуға болады:
- Салық төлеуші кабинеті арқылы (СӘИЖ АЖ «Құжаттарды ұсыну» – «Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама» бөлімі);
- е-Salyq Business арнаулы мобильді қосымшасы арқылы («Сервис» – «Жеке кәсіпкердің салық режимін ауыстыру»);
- орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде;
- банктердің мобильді қосымшалары арқылы.
Салық төлеушілердің назарына! 2025 жылдың соңында қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны «көшу» себебімен қате ұсынған салық төлеушілер үшін хабарлаймыз.
2026 жылғы 12 қаңтардан бастап ақпараттық жүйеде «көшу» себебімен қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны қайта ұсыну мүмкіндігі қолжетімді.
Осыған байланысты, 2025 жылдың соңында қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны қате түрде ұсынған салық төлеушілерге жаңа хабарламаны қайта ұсыну қажет.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимі
2026 жылғы 1 наурызда салық органдары 2025 жылы патент негізіндегі АСР-ін немесе арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып АСР-ін қолданған салық төлеушілерді жеке кәсіпкер ретінде есептен автоматты түрде шығарады.
Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі, бұл ретте салық төлеушінің өз бетінше есептен шығу туралы өтініш беру құқығы сақталады.
Ескерту: егер салық төлеуші қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынып, басқа режимді таңдаған болса, автоматты түрде есептен шығару жүргізілмейді.
Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданудың басталу күні е-Salyq Business мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып табылады.
Шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнайы салық режимі
Шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органдары арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады және салық төлеушілерден хабарлама ұсынуды талап етпейді.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге қолайлы салық режимін алдын ала анықтауды ұсынады.
Қосымша ақпаратты 1414/3 нөмірінен немесе @astana_mkd_dgd_astana Instagram парақшасынан алуға болады.