2025 жылы елдің курорттарына 4,8 млн адам келді
2025 жылы елдің курорттық аймақтарындағы демалыс орындары 4,8 млн адамға қызмет көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда (4,3 млн адам) 11,5%-ға жоғары.
Демалушылардың 17,3%-ын шетелдік туристер құрады. Ең көп келуші Алматы тау кластерінде тіркеліп, олардың саны 2,9 млн адамға жетті. Екінші орында Щучинск-Бурабай курорт аймағы орналасқан – мұнда 463,1 мың адам демалды. Ал үшінші орынға 370,1 мың турист қабылдаған Маңғыстау курорт аймағы жайғасты.
Сонымен қатар, үздік бестікке екі танымал курорт аймағы - Балқаш туристік аймағы (182,9 мың адам) мен Жетісу облысындағы Алакөл курорт аймағы (149,1 мың адам) енді.
2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында курорттық аймақтардағы орналастыру қызметтерінің жалпы көлемі 198,5 млрд теңгені құрады.
Ел бойынша барлығы 1 856 орналастыру нысаны тіркелген.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат туристік саланы дамытуға қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.