Референдум-2026

200 келілік арба, 100 келілік тас: Астанада қала күніне орай «Толағай» алыптар сайысы өтті

Бүгін, 18:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
200 келілік арба, 100 келілік тас: Астанада қала күніне орай «Толағай» алыптар сайысы өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана күніне орай дәстүрлі «Толағай» алыптар сайысы өтті. Айтулы дода қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына арналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін насихаттау, жастар арасында күштік спортты дамыту және салауатты өмір салтын дәріптеу.

Күш атасының бәсекесі Астана қаласы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда ұйымдастырылды. Сайыс барысында еліміздің әр өңірінен келген ең мықты спортшылар 6 кезең бойынша өзара бақ сынап, күш-қайраты мен төзімділігін көрсетті. Атап айтқанда, қатысушылар фермер жүрісі, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, салмағы 130 келі болатын бөренені желкеге салып отырып-тұру, 100 келілік тасты белгіленген қашықтыққа дейін көтеріп апару, қылыш көтеру және өгіз көтеру (муляж) секілді ерекше сайыс түрлерінде сынға түсті. Жарыс барысында жиналған көрермендер үшін қала өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт те ұйымдастырылды.

Ашылу салтанатында осы сайыстың негізін қалаушы, рекордшы, Қажымұқан атаның ізін жалғаушы Темір Спатаев, генерал лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертайұлы, Парламент сенатының сегізінші шақырылымындағы депутаты Әлішер Сатыбалдиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Барлық кезең өтіп болған соң жарысқа қатысушылар көрсеткен нәтижесіне қарай жүлделі орындарға ие болды.

Еске салайық, бұған дейін «Астана сақасы» турниріне 100-ден астам қатысушы жиналғаны туралы жаздық.