Елордадағы №100 мектептің ашылуы аудандағы жүктемені айтарлықтай азайтты – директор
Еліміздегі білім беру стандарттарын жаңарту, инфрақұрылымды жақсарту және оқушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Келешек мектептері» жобасы қолға алынды. Жоба аясында салынған білім ордаларының бірі – Астананың «Нұра» ауданында орналасқан №100 жалпы білім беретін орта мектеп.

Жарқын келешекке бастаған жаңа мектеп биыл 8 қаңтарда ашылды. 2000 оқушыға шақталған мектеп «Нұра» ауданының Е-535/1 мекенжайында орналасқан. Мұнда қазіргі кезде 1418 оқушы білім алып жатыр.

«Мектептің негізгі миссиясы – әр баланың қабілетін танып, оны шығармашылық бағытта дамытуға және болашақ кәсібіне бағыттауға қызмет ету. Әр бала – жарық жұлдыз. Оның жұлдызын жағу, бағыт беру – әр мұғалімнің басты мақсаты», - деді мектеп директоры Мұрат Ахметов.
Білім ордасының басшысы жайлы мектептің артықшылықтары туралы айтып берді.

«Мектеп көлемі типтік мектептерге қарағанда 15-20%-ға кең болғандықтан, техникалық жабдықталуы да 4 есе артық. Мұнда робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 4 спортзал қарастырылған. Сондай-ақ алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар жабдықталған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сонымен қатар кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен миын тынықтыруына тиісті жағдайлар қарастырылған», - деді директор.

Мұнда химия, физика, биология секілді пәндік кабинеттер заман талабына сай жабдықталған. Мұрат Ахметовтің айтуынша, әр кабинетке touch-экрандар қойылған.
«Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға жеке санитарлық бөлмелер қарастырылған. Мектептерде жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері бар. Мектептің жайлы болуына тек ішкі жағдай ғана емес, сыртқы жағдай да септігін тигізеді. Сондықтан мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус тасымалы, аялдамаларды даярлау, жол бойын жарықтандыру мәселелері де қолға алынды», - деді спикер.

Директордың айтуынша, «Нұра» ауданында демографиялық өсімге байланысты мектептерде орын тапшылығы сезіліп келген.
«№100 мектептің ашылуы аудандағы жүктемені айтарлықтай азайтып, тапшылықты елеулі деңгейде жеңілдетті. Атап айтсақ, №71, №79, №90 мектептердегі үш ауысымда оқыту мәселесі мейлінше шешілді. 2000 орынға есептелген жаңа білім кешені аудандағы орын тапшылығын едәуір азайтып, оқушыларға жақын маңдағы жаңа мектепте оқу мүмкіндігін берді», - деді Мұрат Ахметов,

Спорттық бағыттағы жұмыстарды дамыту үшін мектепте 4 спортзал жабдықталған. Олар дене шынықтыру сабақтарын сапалы өткізуге, түрлі спорттық секциялар мен жарыстар ұйымдастыруға толық жағдай жасайды.
«Мектептің оқу тілі – аралас. Оқу-тәрбие процесі жүйелі түрде жоспарланып, оқушылардың күн тәртібі, үзілістер мен түрлі жобалар арқылы ұйымдастырылады», - деді басшы.
Күнделікті өзін-өзі басқару ұйымы мен мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Қайырлы таң» жобасы іске асады. «8 минуттық оқу» жобасы аясында мұнда оқушылар күнделікті көркем әдеби шығармаларды оқиды.

«Нәтижесінде бір айда бір кітап оқылып, кері байланыс ретінде подкаст, шағын көрініс және тест жұмыстарын өткізумен бағаланады. Балалардың 15 минуттық қоңырау уақыты да сапалы ұйымдастырылған. Сыныптар өзара кезекшілік жасап, «Өнегелі 15 минут» жобасын өздері ұйымдастырады. Мектептің өзін-өзі басқару ұйымына ерекше көңіл бөлінеді. Оқушылар мектептің өмірін қызықты ұйымдастыру, тәрбие процесіне белсенді араласуы үшін мектеп парламенті мүшелеріне арнайы кабинет ашылған. Мен әр парламент жиынында олардың идеяларын тыңдауға және жүзеге асыруға әрдайым ашықпын. Оқушы үнін есту – мектеп миссиясының басты қағидасының бірі», - деді спикер.
Мектепте оқушылар өздері «Дос болайық» жобасын жүргізеді. Жоба мақсаты – оқушылар арасындағы буллингпен күрес. Құқықтық тәрбие бойынша прокуратура, полиция қызметкерлері тарапынан дәрістер, кездесулер, тәрбие және қауіпсізідк сағаттары ұйымдастырылады.
Директордың айтуынша, білім ордасында оқушылар ұялы телефондарын арнайы жәшікке салады.
«Тағы бір маңызды жобалардың бірі – «Смартфонсыз мектеп». Сынып жетекшілері сынып сағатында профилактикалық дәріс жүргізеді. Ата-аналардың қолдауымен оқушылар күнделікті бірінші сабақта ұялы телефондарын арнайы жәшікке өткізеді. Бұл оқушылардың сабаққа зейінін шоғырландырып, білім сапасын көтеруге бағытталған. Смартфон тек арнайы ЖИ қамтылған сабақтарда рұқсат етіледі», - деді директор.
Кітапханада 1770 оқулық бар. Онда қазақ классикасынан бастап, әлем әдебиетінің таңдаулы аудармалары, ертегілер топтамасы, танымдық энциклопедиялар бар.
«Адал азамат» бағдарламасы жүзеге асырылады. «Таза Қазақстан», «Заң және Тәртіп» жобалары арнайы мектеп үйірмелерімен қамтамасыз етілген. Мәселен, «Таза Қазақстан» жобасы аясында оқушылар әр бейсенбі күні оқу сыныптарында тазалық жұмыстарын жүргізіп, мектеп бақшасын баптауда белсенділік танытады. Одан бөлек ата-аналар қолдауымен 200-ден астам ағаш отырғызылған», - деді спикер.
Асханада бір мезетте 360 адам тамақтана алады. Ол заманауи үлгіде жабдықталған.
«Мұнда STEM, робототехника, мобилография, виртуалды оқыту бағыттарына арналған арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Бұл оқушылардың инженерлік ойлауын, шығармашылық қабілеттерін, цифрлық сауаттылығын дамытады. Оқушылар ұлттық би, домбыра, көркем еңбек, театр және т.б. түрлі спорт түрлеріне арналған секцияларға қатысып, қабілеттерін дамыта алады. Мұндай үйірмелер балалардың тұлғалық қасиеттерін жетілдіріп, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасайды.Әр оқушының ішкі оты, бағыты бар. Талантсыз, қабілетсіз бала жоқ. Оны көруге, бағыттауға, отын жағуға, мейірім төгуге, жұлдызын жағуға мектебіміздің мұғалімдерінің қауқары жетеді», - деді директор.
Ұстаздар қауымы оқушыларды зерттеу жобаларымен айналысуға бағытттайды.
«Мектепте «Тірі табиғат» бұрышын жасақтадық. Онда экзотикалық, бауырымен жорғалаушы, тағы да басқа жәндіктер топтастырылған. Астанада алғашқы бауырымен жорғалаушылар бұрышы біздің мектепте ұйымдастырылғанын мақтанышпен айта аламыз. Оқушылардың табиғатқа, экзотикалық тіршілік иелеріне жақындау мүмкіндігі бізді қуантады. Тағы бір айта кететін жайт, біз ата-аналармен тығыз байланыстамыз», - деді басшы.
Директордың айтуынша, ата-аналар мектеп өміріне белсенді араласып жүр. Олардан құралған волейбол командасы қалалық деңгейдегі жарыстарға қатысып тұрады.
«Ерекше білімді қажет ететін балалар да назардан тыс қалмайды. Мектепте олар үшін жеке даму траекторияларын қолдауға бағытталған жобалар жүзеге асады. Арнайы педагогтер мен психологтардың көмегімен инклюзивті орта қалыптастырылып, әрбір оқушының әлеуетін ашуға жағдай жасалады», - деді ол.
Мектеп басшысының айтуынша, өткен оқу жылында оқушылар мен педагогтер көптеген жарысқа қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
«Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы байқаулар жоғары нәтиже көрсетуде. «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсында бір мұғалім 2-орын, біреуі мақтау қағазын, біреуі сертификат иеленді. Мұғалімдер арасындағы «Алтын тұғыр» олимпиадасында 5 педагог жүлделі орындарға ие болды. Оқушылардың шығармашылық және әдеби бағыттағы жетістіктері де назар аудартады. «Сәкен оқуларында» 2 оқушы, «Ақберен» байқауында 2 оқушы 3-орын иеленді. «Менің кіші Отаным» байқауында 3 оқушы марапатталып, олардың ішінде 2 оқушы – 3-орын, 1 оқушы мақтау қағазын алды. Мектептің инновациялық әлеуетін арттыруда AI-lab Teachers ЖИ шығармашылық тобының жұмысын ерекше атап өтуге болады. Бұл топта 12 мұғалім жұмыс істейді. Олар STEM HUB, Gemini, Gamma, Fliki, Solvely, Hedra, Gynzy, Claide.ai, AE Studio, CoSpaces Edu, Tripo 3D, Meshy AI платформаларында кәсіби дағдыларын дамытып келеді», - деді директор.
Сөз соңында Мұрат Ахметовттен мектептің қауіпсіздік жүйесі туралы білген едік.
«Мектеп заманауи бейнебақылау және мектепке кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етілді. Мектеп бойынша 176 камера, Face ID, кіріс-шығыс бақылауы толық жүзеге асады. Ұлттық жоба әрбір оқушының толыққанды білім алуына, шығармашылық тұрғыда және жеке тұлға ретінде дамуына жағдай туғыза отырып, еліміздің білім беру жүйесін дамытуға және мүмкіндіктерге жол ашады», - деп түйіндеді сөзін спикер.