№1 Индустриялық парктің ірі кәсіпорындары «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
Астанада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық бастамасы аясында «Таза қала» айлығы өтіп жатыр. Қала бойынша еңбек ұжымдары сенбіліктер ұйымдастыруда. Осындай шаралардың бірі №1 Индустриялық парк аумағында, Ақбұлақ өзенінің жағалауында өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Экологиялық акцияға 15 өнеркәсіптік кәсіпорынның 500-ден астам қызметкері қатысты. Қатысушылар жағалау аумағын қоқыстан тазартып, іргелес аумақтарды ретке келтірді.
Сенбілікке «Led System Media», «Uniton», «ZTOWN Development», «IZO-Trub Astana», «Temir Tas KZ», «СК Керемет», «KURYLYS KAZ INVEST», «Баракат Инвест», «Стройдормаш», «Power Conversion System», сондай-ақ «LED Solutions», «Гипсовинил», «AVALON-K», «Теплотехник-НС» және «АСТ Бетон Компани» кәсіпорындарының қызметкерлері қатысты.
«Компаниямыздың осындай маңызды акцияға атсалысқанына қуанып отырмын. Күнделікті жұмыс барысында да экологияға көңіл бөлеміз, бірақ мұндай шаралардың орны бөлек. Барлық ұжым болып шыққанда, жиналған қоқысты көріп, әркімнің жауапкершілігін сезінесің. Бұл тек тазалық емес, өзімізді тәрбиелеу. Әртүрлі кәсіпорын қызметкерлерінің бір мақсатта бірігуі қуантады», – деді «Гипсовинил» зауытының операторы Нұрбол Сахметов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы табиғатқа ұқыпты қарауды қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендерді абаттандыруға бағытталған.
«Мен үшін «Таза Қазақстан» – туған жерге, өмір сүріп жатқан ортаға деген құрмет. Қала тазалығы үшін қаншама адам жұмылды. Жұмыс оңай болған жоқ, бірақ атмосфера өте жақсы өтті. Осындай бастамаларға қатысушылар саны арта береді деп сенемін», – деді «Power Conversion System» зауытының директоры Нұрлан Айтимов.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық акциялар елордада жалғасып, барған сайын қатысушылар саны көбейіп келеді.