Жас ғалымдарға тұрғын үй сертификаттары табысталды


Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 10 жас ғалымға пәтер сертификаттарын табыстады, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде барша нәзік жанды қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау шараларының күшейтілгенін атап өтті.
«Бүгінде елімізде ғылыммен айналысып жүрген ғалым-әйелдер саны 11 982 адамды құрап, 55,6 пайызды құрайды. Бұл Қазақстанды ғылымдағы әйелдер үлесі бойынша әлемдік деңгейде көшбасшы мемлекеттердің қатарына қосады. Осы орайда, Қазақстан әйелдер саны ерлер санынан асатын және ғылымдағы арулар саны бойынша әлемдік рейтингте көшбасшы елдердің үштігіне кіретін санаулы елдердің бірі екенін айта кету қажет», - деді ведомство басшысы.
Министр Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жас ғалым әйелдерге берілген баспана ғылымның дамуына және оның қоғамдағы рөлін арттыруға зор ықпал ететінін атап өтті.
«Ғылымға қосқан әйелдердің үлесі зор, олардың қабілеті мен мүмкіндігі шексіз. Бұл тұрғыда әйелдерге қолдау көрсету, оларға әрі қарай дамуға мүмкіндік беру – біздің ортақ міндетіміз», - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар мерекелік іс-шара аясында ғылым саласына еңбегі сіңген қызметкерлерге отандық білім мен ғылымға қосқан үлесі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.



