Әуезов гимназиясының жүйріктері жүлделі болды
Астанадағы Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы қазақтың көрнекті ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Иманасовтың 85 жылдығына орай «Бермесем, өзім жайлы өзім айтып...» атты қалалық мектептердің оқушылары арасында мәнерлеп оқудан сайыс өткізді, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл сайысқа 30-дан астам мектеп оқушылары қатысып, бақ сынады. Соның ішінде 12 мектептің (№14, 15, 16, 37, 52, 53, 57, 63, 68, 72, 78, 86) оқушылары талабымен және талантымен айрықша көзге түсіп, жүлделі орындарды жеңіп алды.
Жақында елордадағы Қаламгерлер аллеясында ақын С. Иманасовты еске алуға арналған салтанатты жиында сайыс жүлдегерлері мен жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сол жерде ақынның ұрпақтары мен туыстары кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Зиялы қауым өкілдері ақынның адамдық болмыс-бітімі, шығармашылық табыстары туралы тұшымды ой-пікірлерін ортаға салып, Сәкен Иманасовтың қазақ поэзиясы мен аудармасына сіңірген еңбегіне жоғары баға берді.
Ал мәнерлеп оқу сайысында Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияның 8 «ә» сынып оқушысы Аяулым Бұхарбай («Менің сырым» атты өлеңімен) Бас жүлдені жеңіп алды. 1-орынды С. Иманасовтың туған жерінен келген, ақынның есімімен аталатын мектептің оқушысы Айзада Ардаққызы, 2-ші және 3-орындарды Мұқтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияның 8 «ә» сыныбының оқушысы Кәусар Шырынбай (жетекшісі – Салтанат Аукенқызы Айтбаева) мен 5 «е» сыныбының оқушысы Ернұр Мұхаммад (жетекшісі – Нұртас Шаймұрат) иеленді. Барлық жүлдегерлерге ақынның ұрпақтары мен қызы Жанар Сәкенқызының атынан арнайы кубоктар мен медальдар, Астана қалалық Мәдениет басқармасының дипломдары, Қазақстан Жазушылар Одағы, қалалық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ дайындаған естелік сыйлықтар тапсырылды.
Осы сайысты өткізіп, балалардың әдебиетке, өлеңді мәнерлеп оқуға деген қызығушылығын оятқан Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұжымына мектебіміздің әкімшілігі, мұғалімдер және кітапханашылар қауымы атынан алғысымызды айтамыз! «Күшіңе сенбе – адал ісіңе сен» деп ұлы жазушымыз Мұқтар Әуезов айтқандай, өз білімі мен адал ісіне сенген, біздің сеніміміз бен үмітімізді ақтап, мектебіміздің бақ-беделін өсірген үлгілі, жеңімпаз оқушыларымыздың болашағына ақ жол тілейміз! Алдағы уақытта әрбір бастаған ізгілікті істеріңнің жемісін көріңдер, - деп жүрекжарды лебізін білдірді мектеп ұстаздары.