Түркістан облысында су соратын 24 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды

2 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Түркістан облысында су соратын 24 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды
фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабынан тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданды.

Сондай-ақ жергілікті әкімдікке анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары 20 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 заң бұзушылық анықталып, 10 ұйғарым шығарылып, 13,3 млн теңге сомасына 133 әкімшілік айыппұл салынды. 2024 жылы бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізіп, оның барысында 1 855 заң бұзушылық анықталып, 429 ұйғарым шығарылды. Жалпы сомасы 48,4 млн теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынды.

«10 маусымнан бастап жаңа Су кодексі күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, бассейндік инспекциялар қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығына ие болады. Сонымен қатар Су кодексіне сәйкес, Әкімшілік кодекске де өзгерістер енгізіліп, су заңнамасын бұзғандарға жазалау шаралары күшейтіледі»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.