Шымкенттік азамат «Tik-Tok» арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған
Tik-Tok-та заңсыз ойын ұйымдастырған азаматтың әрекеті тергеліп жатыр, деп хабарлады Elorda.info Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі Шымкентте болған.
Оқиға орнын тексеру барысында интернет желісі арқылы төрт аккаунтпен «Тринка Шамай» ойынын 1995 ж.т. азаматтың ойнатқаны анықталды. Өзінің жауабында ол тікелей эфир арқылы ойнатқан ТикТок аккаунттарды және ақша қаражаттарының түсуімен аударылуын қадағалайтын банк картасын бейтаныс азаматтардан сатып алып, пайда табу мақсатында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғанын атап көрсетті, - деп жазылған хабарламада.
Тексеру барысында ұялы байланыс телефондары, карта таратуға арналған аппараттар, ойын карталары, ойыншылардың есімдері көрсетілген тізім айғақты заттар ретінде тәркіленіп алынды.
Ұялы телефонда орнатылған банк қосымшасына талдау жасау барысында соңғы бір ай ішінде жалпы ақша қаражаттарының айналымы 15 млн теңге болғаны анықталды.
Бұзушылықтың мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі, - деп жазылған хабарламада.