Шымкенттен Еуропа және Азия елдеріне тікелей рейстер ашылды

26 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Шымкенттен Еуропа және Азия елдеріне тікелей рейстер ашылды
Фото: Көлік министрлігінен

Шымкент қаласында Германия, Венгрия, ҚХР, Оңтүстік Корея, Египетке тікелей рейстердің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Іс-шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан әуежайларының жүктерді тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейту және аэрохабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде іске асырылды. Рейстер Boeing 737 типті әуе кемелерінде орындалады.

27 мамырдан бастап Шымкент-Мюнхен бағытындағы әуе рейсі аптасына 2 рет сейсенбі және бейсенбі күндері тұрақты орындалады.

Шымкент-Будапешт бағыты аптасына 2 рет сейсенбі және сенбі күндері орындалады.

29 мамырдан бастап Шымкент-Шанхай бағыты аптасына 2 рет дүйсенбі және бейсенбі күндері тұрақты орындалады.

Шымкент-Сеул рейсі аптасына 2 рет дүйсенбі және бейсенбі күндері, ал Шымкент-Каир рейсі әр бейсенбі сайын орындалады.
24 маусымнан бастап Шымкент-Каир рейсі аптасына 2 рет дүйсенбі және бейсенбі күндері орындала бастады.

2 шілдеден бастап Шымкент-Сиань әуе рейсі іске қосылып, сәрсенбі және сенбі күндері аптасына 2 рет орындала бастайды.
4 шілдеден бастап Шымкент-Үрімші рейсі аптасына 2 рет сейсенбі және жұма күндері жүзеге асады.

Жаңа тікелей рейстердің іске қосылуына арналған іс-шарада Қазақстанның авиациялық басшылары, сондай-ақ бес мемлекеттің дипломатиялық өкілдері сөз сөйледі.

«Бұл рейстердің ашылуы Шымкент әуежайының жаңа терминалы базасында халықаралық әуехабты дамытуға мүмкіндік беретін бастама», - деп атап өтті ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева.

Айта кетейік, Шымкент әуежайының жаңа терминалы 2024 жылдың 25 желтоқсанында ашылды.