00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

SHYMBULAQ және TULPAR коллекциялық монеталары сатылымға шығады

17 желтоқсан, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
SHYMBULAQ және TULPAR коллекциялық монеталары сатылымға шығады
фото: Ұлттық банк

Ұлттық Банк «Қазақстанның інжу-маржандары» сериясынан SHYMBULAQ және «Көшпенділердің аңыздары мен мифтері» сериясынан TULPAR коллекциялық монеталарын сатылымға шығарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Коллекциялық монеталар биылғы 20 желтоқсаннан бастап kazcoins.nationalbank.kz интернет дүкені арқылы сатылады.

SHYMBULAQ монетасы еліміздің табиғатының сұлулығы мен байлығын дәріптеуге арналған «Қазақстанның інжу-маржандары» сериясын бастайды. Оның аясында еліміздің көрікті жерлеріне арналған монеталар шығарылады.

SHYMBULAQ монетасының дизайнында петроглифтермен және «Сақтар стилі» элементтерімен қоршалған «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты мен шаңғышы бейнеленген Қазақстан картасының контуры берілген. Монетаның төменгі оң жақ бұрышында «Шымбұлақ» курортының географиялық координаттары белгіленген.

Монеталар түрлі-түсті баспа және интерференциялық құбылмалы қабат технологиясын қолдана отырып, күмістен дайындалған. Монетаның массасы – 31,1  грамм, көлемі – 45х30 мм, дайындау сапасы – «рrооf», номиналы – 1 000 теңге, дайындау таралымы – 1 000 дана.

TULPAR – «Көшпенділердің аңыздары мен мифтері» сериясының алғашқы монетасы. Серия Қазақстан халқы мен елдің қонақтарын мәдени ағарту мақсатында жасалған.

TULPAR – түркі мифологиясындағы аңызға айналған қанатты тұлпар. Ол – теңдессіз жылдамдық, күш-қуат, еркіндік пен шабыт символы. Ол көптеген түркі халықтарының мәдениетінде фольклор мен эпостарда маңызды орын алады.

Алтын жалату технологиясын қолдана отырып, күмістен дайындалған. Монетаның массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – black-proof, номиналы – 1 000 теңге, дайындау таралымы – 1 000 дана.

«Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды», - деді Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.