Президент «TÚRKISTAN» газетінің ұжымына құттықтау хат жолдады
Президент «TÚRKISTAN» газетінің ұжымына құттықтау хат жолдады, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тәуелсіздік тұсауын кескен төл басылымдардың бірі – «TÚRKISTAN». Негізін қазақ әдебиетінің қос алыбы Әбдіжәмил Нұрпейісов пен Қалтай Мұхамеджанов қалаған халықаралық газеттің жарыққа шыққанына бүгін 30 жыл толып отыр. Басылым ұжымын осы белесімен шын жүректен құттықтаймын!
Алғашқы нөмірінен бастап осы күнге дейін негізгі бағытынан айнымай, түркі бірлігін темірқазығына айналдырған газет отандық журналистиканың көшін алға жылжытуға елеулі үлес қосты.
Еліміздегі және әлемдегі оқиғаларды сараптап, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауды мұрат еткен басылымда Шәмшидин Пәттеев, Дидахмет Әшімхан, Көлбай Адырбекұлы, Жаңабек Шағатай бастаған көптеген қаламгер еңбек етті. Қазір де елге танымал тілшілер газеттің сапалы шығуына үлес қосып келеді.
Осынау мерейлі мезетке орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «TÚRKISTAN» газетінің ұжымына Құттықтау хат жолдады. Бұрнағы күні газет редакциясына арнайы барып, Президенттің құттықтауын табыстап қайттым», - деді Берік Уәли.