«Менің полициям» видеобайқауының жеңімпаздары марапатталды
Ішкі істер министрлігінде «Менің полициям» республикалық балалар байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ведомство басшысы Ержан Сәденов өңірлерден келген оқушыларға жылы лебізін білдіріп, болашақтарының жарқын болуын тіледі.
«Қош келдіңіздер! Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Биыл алғаш рет видеобайқау жариялаған болатынбыз. Полиция – мемлекеттегі заңды қорғаушылардың бірі. Осы конкурсқа қатысқандарыңыз біз үшін мақтаныш, біз үшін қуаныш», – деді министр.
«Мен полиция болғым келеді» номинациясы бойынша Ақтөбе облысының №61 мектеп оқушысы Ақзер Жазимова, «Қауіпсіз қоғам балалар көзімен» номинациясы бойынша сол өңірдің №34 мектеп оқушысы Нұрсұлтан Тұрар, «Жас жол сақшысы» номинациясы бойынша Қарағанды облысынан Бақдәулет Ағзам топ жарды.
Сонымен қатар үздік «Ұжымдық жұмыс» ретінде Ұлытау облысы №3 мектептің «Жас сақшы» полицей сыныбының видеосы танылды.
Кішкентай қонақтарға, олардың ата-аналары мен ұстаздарына министрлікте экскурсия ұйымдастырылды. Олар мұражайда және жедел басқару орталығында болды. Одан бөлек, ЖҚАЖ жауынгерлері мен қызметтік иттердің өнерін тамашалады.