Креативті индустрияға салықтық режимді күшейту жаңа жобалар санын қысқартуы мүмкін – депутат

9 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Креативті индустрияға салықтық режимді күшейту жаңа жобалар санын қысқартуы мүмкін – депутат
фото: видеодан алынған кадр

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау жаңа Салық кодексінің жобасында креативті экономика саласында салық салудың жалпы режиміне көшу көзделгенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Өткен жылдың ақпан айынан бастап креативті экономика саласындағы қызметтің бірқатар түрлері үшін арнайы салық режимі енгізілген еді. Оның арқасында креативті бизнес субъектілерінің саны едәуір өсті. Дегенмен салық кодексінің жобасында креативті қызметті салық салудың жалпы режиміне көшу көзделген. Бұл таланттардың шетелге кетуіне, бөтен идеологиялық бағыттағы шетелдік контенттің көбеюіне, сондай-ақ жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ еліміздің қол өнершілері көрші мемлекеттен келетін көшірме және арзан тауарлардан зардап шегетіні сөзсіз»,- деді Нұргүл Тау. 

Мәжіліс депутаты бұл салық түріне қатысты шетелдік тәжірибені атап өтті. 

«Қазіргі уақытта шетелдерде креативті қызметке қатысты бірқатар салықтық режимдер енгізілген. Мәселен Қырғызстанда салықтық жеңілдікке ие креативті индустриялардың паркі болса, Өзбекстанда олар 2031 жылға дейін салықтық міндеттемелерден босатылған. Ал АҚШ пен Ұлыбритания көптеген жеңілдік беріп отыр. Осы салаға қатысты салықтық режимді күшейту жаңа жобалар мен еліміздегі инвестицияны қысқартуы мүмкін»,- деді ол. 

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттың ұсынысын толығымен қолдайтынын айтты. 

«Менің ойымша, сіз дұрыс айтасыз. Бірақ оны дұрыстап талдау керек. Мысалы қазақтың қолөнерлері бар. Оны қолдау қажет. Бірақ  ішінде салмақты, салықты төлей алатындар да бар. Оларды ажырату керек. Сондықтан сіздің ұсынысыңызды толығымен қолдаймыз»,- деді Серік Жұманғарин.