«Көп жаңалық бар»: Анасын іздеген Жәнібек жазба жариялады


Биологиялық анасын іздеп жүрген арқалықтық Жәнібек (Мұрат Савельев) әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Сәлем, қымбатты отбасым! Қалайсыздар? Сіздерге айтар жаңалығым өте көп! Өздеріңізбен сөйлеспегеніме біраз болыпты. Шынымды айтсам, сіздерге хат жазу үшін үнемі достарымнан аударма жағынан көмек сұрауыма тура келеді, ал олардың менен басқа да жұмысы көп, сондықтан жиі мазалағым келмейді. Сіздерді ойламаған күнім жоқ, Қазақстанға бару туралы да жиі ойланатын болдым», - деп жазды ол.
Жәнібек Савельев биологиялық анасын іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
«Бірақ!... Биологиялық анамды іздеуге байланысты да көп жаңалық бар. Іздеу жұмысы күн сайын жалғасып жатыр, ол жұмыс тоқтаған жоқ және тоқтамайды да. Соңғы бірнеше айда жиналған жаңалық көп, барынша хабардар етермін», - деді ол.



