00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Jibek joly туристік пойызы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кезекті сапарын аяқтады

Jibek joly туристік пойызы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кезекті сапарын аяқтады
Фото: Туризм жəне спорт министрлігінен

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Jibek joly туристік пойызы «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Шымкент – Алматы» бағытындағы екінші сапарын сәтті аяқтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бес күнге жалғасқан саяхат барысында 100-ден астам жолаушы Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі қалаларды аралап, аймақтың бай тарихымен танысты.

Бұл жолғы теміржол саяхатының басты ерекшелігі – туристік пойыздың бағытына Қазақстанның Шымкент және Өзбекстанның Самарқанд қалалары қосылды. Маршрутқа қалалардың негізгі көрнекі орындары енгізілген.

Атап айтқанда, саяхатшылар Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін аралап, Ташкентте Хазрати Имам тарихи кешені, Барақ хан медресесі, Әбу-Бәкір Қаффали Шаши кесенесі мен Төле би мазары сияқты тарихи орындарға барды. Сонымен қатар Ташкенттегі Magic City тақырыптық саябағы да туристер үшін қызықты әрі көңілді демалыс орнына айналды. Ал Самарқандта жолаушылар Шахи-Зинда кешені, Гур-Эмир кесенесі және атақты Регистан алаңын аралап, Шердор, Тіллә қари және Ұлықбек медреселерінің ежелгі білім ошақтарымен танысты. Самарқандтың сәулет өнері мен мәдениетінің тарихы саяхатшыларға ерекше әсер қалдырды. Туристік пойыздың соңғы аялдамасы Шымкент қаласында болды. Онда туристер қаланың негізгі көрікті жерлері мен тарихи орындарына барды. Туристердің жайлылығы үшін тур бағдарламасына гид қызметі, тамақтану, көрікті жерлерге кіру билеттері мен трансфер қызметтері кірді.

Халықаралық турды ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен «Жолаушылар тасымалы» АҚ, республикалық «Қазақстан туризм индустриясы» қауымдастығы және Kazakh Tourism ҰК АҚ ұйымдастырды.