ИКАО қазақстандық әуежайлар мен авиакомпаниялардың қауіпсіздігін тексереді

2 қыркүйек, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views57
ИКАО қазақстандық әуежайлар мен авиакомпаниялардың қауіпсіздігін тексереді
Фото: Көлік министрлігінен

Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) аудиторлар тобының кездесуі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында тараптар 2-14 қыркүйек аралығында Қазақстанда төрт халықаралық ИКАО сарапшылар тобы жүргізіп жатқан USAP-CMA (Universal Security Audit Programme – Continuous Monitoring Approach) бағдарламасы бойынша алдағы аудитті талқылады.

«Аудит еліміздің авиациялық қауіпсіздік жүйесін кешенді тексеруді қамтиды. Бағалауға Астана мен Алматының халықаралық әуежайлары, сондай-ақ қазақстандық әуе компаниялары кіреді. Сарапшылар ұлттық заңнаманың халықаралық стандарттарға және ИКАО ұсынымдарына сәйкестігіне ерекше назар аударады.

Аудиттің мақсаты – авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ағымдағы шаралардың тиімділігін бағалау және одан әрі жетілдіру бағыттарын анықтау. Аудит Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытудың маңызды кезеңі болып табылады және елдің авиациялық қауіпсіздік саласындағы жоғары халықаралық стандарттарды сақтауға міндеттемесін растайды», - делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

Кездесу соңында вице-министр Талғат Ластаев аудиторларға табысты жұмыс тілеп, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Қазақстанда енгізіліп жатқан ИКАО стандарттары мен талаптарын толық қолдайтынын атап өтті.

«Аудит нәтижелері Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайтуға және халықаралық авиация қоғамдастығының сенімін арттыруға ықпал ететініне сенімдімін», - деді Талғат Ластаев.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы ИКАО авиациялық қауіпсіздік аудитінің деңгейі 83% құрайды. Бұл көрсеткішті жақсарту жоспарлануда.