Енді музыкалық шығармаларды пайдалануға автордың келісімімен ғана рұқсат етіледі

14 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Енді музыкалық шығармаларды пайдалануға автордың келісімімен ғана рұқсат етіледі
фото: t.me/ortcom_kz

Бүгін ОКҚ алаңында көпшілікті алаңдатқан мәселе Instagram және Facebook-те қазақстандық музыканы қайтару тақырыбы талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Зияткерлік меншік комитетінің төрайымы Шолпан Әбдірееваның айтуынша, авторлық құқық объектілерін заңды пайдалану үшін автордың рұқсаты қажет.

«Авторлық құқық саласындағы ұлттық заңнама мен халықаралық конвенциялар музыкалық шығармаларды, мысалы, интернетте немесе әлеуметтік желіде пайдалану үшін авторлардың немесе құқық иесінің рұқсаты керек екенін анық белгілейді. Әрине заңнамада туындыларды авторлардың келісімінсіз және сыйақы төлемей пайдалануға рұқсат етілген еркін пайдалану жағдайы қарастырылған. Бірақ бұл жағдай нақты реттелген», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.