00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Эльвар Агаев: Derby Kazakhstan-ды жаңа деңгейге шығарсақ дейміз

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Эльвар Агаев: Derby Kazakhstan-ды жаңа деңгейге шығарсақ дейміз
Фото: Астана автомотоспорт

28 мамыр күні Астана қаласындағы теміржолшылар кентінде АвтоМото спорттан маусымның ашылуы өтті. Осы орайда жаңадан дамып келе жатқан көліктер арасындағы «ережесіз жекпе-жек» атты сайыстың ұйымдастырушыларының бірі – Эльвар Агаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– «Derby Kazakhstan» - көліктерді қирату сайысы Астанаға қалай келді?

–Көліктерді қирату сайысы 1950 жылы АҚШ-та пайда болған. Ол жердегі басты мақсаттың бірі – ескі көліктердің азайту және көрермендердің жеңіл көліктер жарысында қақтығыстарды көргісі келетіндігінде. 2019 жылы осы сайыс бойынша Астана қаласында жарыс өткізу идеясы туындады. 3 жыл бойы өзге қала, мемлекеттегі жарыстарды көріп, артық-кемшіл тұстарын сараптадық. 2022 жылы мамыр айында 10 мың көрерменнің тамашалауымен додамызды бастап кеттік. Сайыста ескі көліктер қақтығысып қана қоймай, түрлі бояулармен сән үлгісін де көрсетеді. Оған арнайы жүлде қарастырылған. Жылына 2 мәрте өткізуге тырысамыз.

–Жарыстың ережесін түсіндіріп кетсеңіз?

Көліктер өзара жарыса жүріп, өзге темір тұлпардың қозғалтқышын әлде дөңгелегін істен шығаруы тиіс. Көлігіне ең аз залал келген 1 көлік жарыстың жеңімпазы атанады. Техника міндетті түрде артқы жетекте болуы шарт. Ереже бойынша, көліктер бетпе-бет және жүргізуші отырған есіктен соқпауы тиіс. Тәртіпті бұзған бірден жарыстан шығарылады. Көліктің шанағы мен салоны темір жақтаумен бекітілуі керек. Жүргізуші міндетті түрде шлем киіп, өрт сөндіру құрылғысын өзімен бірге алуы қажет. Терезенің орнына темір тор орнатылады. Бұл жерде барлығының жағдайы бірдей болғандықтан, айлалы шабандоздың жеңіске жету ықтималдығы жоғары.

2.jpg

–3-ші мәрте өткізіп жатырсыздар. Қандай оң әсерді байқадыңыздар?

«Derby Kazakhstan» жобасына тек Астанадағы шабандоздар қатысады. Бірақ сайысты көргендермен сөйлесе келе, осы үшін Қазақстанның түкпір өңірлерінен уақыт тауып келгенін байқадым. Тек Қазақстан ғана емес, Германия, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елінен де арнайы ат басын бұрғандар бар. Статистикалық деректерге қарасақ, 28 мамырдағы шоуымызға 7 мың адам жиналыпты.

–Ұйымдастыру барысында қандай кемшіліктер кездеседі?

Байқағандарыңыздай, бұл сайыс қаланың сыртындағы ескі карьердің орнында өтеді. Әзірше, сайысымызды жақсы жерде өткізе алатындай қауқарымыз жоқ. Екіншіден, көрермендер үшін орындық қарастырылмаған. Олар төбешікте отырып, сайысты көреді. Біз бұл олқылықтарды түзегіміз-ақ келеді. Әзірше мүмкін болмай тұр.

–Жарысқа 12 ғана көлік қатысты. Бұл сіздердің тараптарыңыздан ойластырылған қадам ба әлде үміткерлер аз ба?

Аумағы 400 метрді құрайтын балшық алаңда 1 сайысты өткізу үшін, 5-6 көлік жеткілікті. Әзірше 10-12 көліктің болу көрермендердің көңілінен шығып тұр. Дегенмен көптеген шабандоздар темір тұлпарларын дайындауына уақыттары жетпей қалды. Кейбір қатысушылар бөлшектерді 3-4 күнде жинақтап, дайын көлік ретінде әкелді.

–Астана қаласында осы сайысты қолдайтын клубтар көп пе?

Astana off road, Audi Club, Niva Club, Dream car club, браз за Брата, Bayerische BMW club, Ray Studio, Road Brazers – бұл тек осы жолы қатысуға шешім қабылдаған клубтардың бір бөлігі ғана. Жалпы Астанада көлікке қызығатын клубтардың қарасы қалың.

–Сайысқа қатысатындар қанша ақшасын құртады?

200-400 мың теңгенің аралығында ақша шығындауға тура келеді. Алайда одан да көп құртатындар бар. Барлығы шабандоздың қиялы мен мүмкіндігіне тікелей байланысты. Көп жағдайда 1 сайыстан соң, көліктер жүруге жарамсыз болып қалады.

–Сіздер жеңімпаздарға қомақты сыйлық бересіздер ме?

Жарысымызды көліктердің салмағына байланысты 2 деңгейге бөліп өткіздік. 1-ші деңгейде салмағы 1 тоннаны құрайтын кіл жигулилер сайысқа түсті. 2-ші деңгейде 1,5 тоннадай болатын волга, нивалар өзара мықтыны анықтады. Жарыс жеңімпазына 500 мың теңге, 2 мен 3-орындарға арнайы кубок пен мақтау қағазы беріледі.

– «Derby Kazakhstan» турнирі Қазақстанның өзге өңірлерінде де ұйымдастырыла ма?

Астанадан бөлек, Алматы, Солтүстік Қазақстан Облыстарында өтеді. Әзірге СҚО-да бұл жарыс рекордтық 10 мың көрерменді жинай алды. Біз осы рекордтың айналасында жүрміз. Елімізде ең алғаш бұл доданы Алматы қаласы өткізді. Біз олармен байланысқа шығып, өзара ірі жарысты ұйымдастыруды қолға алмақшымыз. Дегенмен, Астана қаласында орнығып, тоқтап қалмауымызға мән беруіміз тиіс. Иә, біреу үшін бұл керемет шоу, үлкен деңгейдегі турнир болуы мүмкін. Бірақ олқылықтарды байқаған соң, алдағы уақытта кемшіліктерді азайтуға тырысамыз.

Қанат Байұзақов