00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада мемлекеттік рәміздерді ұлықтаған жиын өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада мемлекеттік рәміздерді ұлықтаған жиын өтті
коллаж Elorda.info

«Елтаңба – ұлттық идеологияның картасы» деген елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібеков жуырда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жиналған ғалымдар мен зерттеуші мамандарға нақты тоқетерін батыл айтқан болатын. Сонымен қатар автор еліміздің елтаңбасына қатысты балаларға арналған анимациялық фильмнің қолға алынғанын да қуана жеткізді, деп хабарлады Elorda.info

Конференция дәстүрлі форматта жыл сайын Астананың білім ордасының шаңырағында, Мәдениет және спорт министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып келеді. Бұл жолы да ғалымдар мен мамандар бас қосқан жиынға бірнеше комитет төрағалары, шығармашылық өнер саласының өкілдері, ақын-жазушылар, геральдика мамандары мен тарих, этнография, халықаралық қатынастар, филология ғылымдарының ғалымдары қатысты.

Жандарбек Мәлібеков 90-жылдардың басында Ташкентте елтаңбаны қалай жасағанын қолмен ұстағандай баяндап берсе, әнұран авторы Жұмекен Нәжімеденов туралы ақын, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмас Ахметбекұлы әнұранды жазғанда Жұмекеңе бар болғаны 22 жас болғанын және 1400-ге жуық шығармасының ешбірі сол кеңестік кезеңді дәріптеуге арналмағанын кеңінен толғады. 

Ресми ұйымдастырушылар тарапынан да қажетті есептік баяндамалар тыңдалды. Нақтылай айтқанда, МСМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш 2022-2023 жылдары атқарылған жұмыстардың қарқынды жүргенін, аймақтарда республикалық семинарлар мен арнайы дәрістердің, флешмобтар мен байқаулардың өткенін, әлеуметтік желіде викториналардың жариялануы, аймақтық тексеру инспекцияларының ауқымды шаралары, ақпараттық имиджді күшейту барысында бұқаралық ақпарат құралдарында заманауи «Менің туым, менің мақтаныштарым», Aqyl battle т.с.с. жүзден астам бастаманың жоспарлы негізде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. 

Сонымен қатар конференцияда баяндама жасаған Ішкі істер министрлігіне қарасты Геральдика, стандарттау және сапа тобының бас сарапшысы Гүлбибі Алғазинова соңғы құқықтық өзгерістерде әкімшіліктік-құқықтық жауапкершіліктердің бекітілгеніне тоқтала кетті. Соның ішінде мемлекеттік рәміздерге қатысты кез келген әкімшіліктік құқықбұзушылықтарға 50-100 АЕК айыппұл қабылданғанын, ал қылмыстық құқықбұзушылықтардың 3000 АЕК айыппұл, яғни 10 млн теңге арқалайтынын немесе 900 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылатынын атап өтті. Әрине, мұндай жауапкершіліктердің болуы, ең алдымен, мемлекеттік рәміздердің мәртебесін жоғарылата түсетіні анық.

Қатысушылардың қызу пікір алмасу өзегі мемлекеттік рәміздердің елтаңба, ту, әнұранның бірауыздан идеологиялық ұйыстырушы символдардың қатарынан болуы керектігіне тоқталды. Осы ретте ғалым-зерттеушілердің ұшқыр ойлары, әлемдік тәжірибелермен салыстырмалы деңгейде берген талдаулары конференцияның көркін қыздыра түсті. Бұл жерде филология ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың вексология, геральдика, матталогия, мотто, ұлттық патенттеу бағытындағы ойлары жиналғандарды ерекше әсерге бөледі. Ал заң ғылымдарының кандидаты, доцент Бағлан Мақұлбеков ресми рәміздерге қатысты жаңа заман талабына сай заңның болуы ауадай қажет екенін алға тартты. 

Тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садықов мемлекеттік рәміздердің тарихи хронологиялық маңызды қадамдарын талдап берді. 

Әрине, ғылыми жиынның маңыздылығы сол, отандық идеологиялық нышандары болып табылатын рәміздердің орны ерекше екендігін айқын көрсетті. Алдағы уақытта рәміздер мен геральдика бағытында терең ғылыми тұжырымдамалар қажеттігі, мемлекеттік үгіт-насихат жұмыстарының күшейтілуі, мемлекеттік рәміздерді нарықтық талаптармен үйлестіру жұмыстарының құқықтық мүмкіндіктері, еліміздің басты нышандарын ақпараттық тұрғыда - әлеуметтік желі арқылы барынша жан-жақты насихаттау күн тәртібінің басты бағыттары болмақ.

Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы