Бауыржан Омарұлы: Тарази шоқжұлдызы енді төбемізде жарқырап тұр


Жазушы Бауыржан Омарұлы танымал жазушы, драматург әрі сценарист Әкім Таразидің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Таразы шоқжұлдызы деген астрологиялық ұғым бар. Оның шоғырында жарқырап тұрған жұлдыздар жетіп артылады деседі. Әдебиет әлемінде ғана емес, жалпы көркем кеңістікте Әкім Тарази де сондай шоқжұлдызға айналған тұлға еді. Шоқжұлдыз болатын себебі, оның төңірегінде темірқанат таланттар тығыз топтасқан-ды. Соның ішінде ең жарқырап тұратыны – өзі, әрине...
Бүгін таңертең Әкім аға ғарыш жаққа жол тартты. Бәлкім, шоқжұлдыз дегеніміз жазық жерде емес, зеңгір көкте болатынын дәлелдегісі келген шығар жұмыр басты пенделерге. Есенқұлдыкі ғой деймін, мынадай бір өлең жолы есімізде қалыпты:
Жоғарыда жұлдыздардың съезі,
Болып жатыр, мен білсем...»,- деп жазды Бауыржан Омарұлы.
Ол Әкім Таразидің жұбайы жазушы Роза Мұқановаға көңіл айтты.
«Әкім ағам сол съезі де, сөзі де сиқырлы жұлдыздар әлемінің шырқау биігіне кетті. «Өзімдей о дүниенің бір ұлына, Өзіңдей бір қара шал керек шығар», – деп Светқали айтпақшы, жұмбағы көп, жауабы жоқ жоғарғы ғаламға да жақсы адам қажет болған да... Сәуірдің сәулесін ала шыққан Тарази шоқжұлдызы, міне, енді төбемізде жарқырап тұр... Бекем бол, Роза ханым!»,- деді Бауыржан Омарұлы.



