Балаларға арналған демалыс орындарында санитариялық бақылау күшейтілді

Бүгін, 11:31
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Балаларға арналған демалыс орындарында санитариялық бақылау күшейтілді
Фото: Freepik

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маусым басталғанға дейін әрбір лагерь, шатырларды қоса алғанда, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны (СЭҚ) алуға міндетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы демалыс орындарының 19%-ы дайындықты уақытында аяқтаған жоқ және балаларды қабылдай алмады.

Жазғы кезеңде балалардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әрбір маусымдық лагерьге санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бекітілді, лагерь басшылығымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде қауырыт желі ұйымдастырылды.

Ақмарал Әлназарова әкімдіктерді жұмысты жеделдетуге және маусым басталғанға дейін дайындық кезеңінде-ақ жөндеу жұмыстарын аяқтауды, аумақтарды абаттандыруды, инженерлік желілерді тексеруді және СЭҚ-ны уақтылы алуды қамтамасыз етуге шақырды.

Сондай-ақ ол ата-аналарға Министрліктің сайтында тізімделген демалыс орындарын таңдау және жазғы сауықтыру демалысына жібермес бұрын балалардың денсаулығын бақылау туралы ұсыныстарын жеткізді.