Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істейді


1 сәуірдегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 891 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 570 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 439 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 541 және 1 023 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 709 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 609 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 768 жұмыс беруші бар. Оларда 376 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,4%-ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 131 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 695 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 351 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 232 адам, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 885 адам, Өзбекстан – 1 614 адам, Үндістан – 1 150 адам, Түркия – 1 124 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөледі. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мыңға дейін ұлғайтылды.



