00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстан 2050 жылға дейін ауаға көмірқышқыл газын шығармау міндетін алған – сарапшы

18 қыркүйек, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Қазақстан 2050 жылға дейін ауаға көмірқышқыл газын шығармау міндетін алған – сарапшы
Фото-коллаж: Elordainfo.kz

Қазақстан Республикасының Президенті 6 қазан күні республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Оны ұйымдастыру және өткізу Үкімет пен Орталық сайлау комиссиясына жүктелді. «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салуға келісесіз бе?» деген сауал референдум сұрағы болып бекітілді. Қазіргі кезде қоғамда қызу талқыланып жатқан АЭС салуға қатысты экономист Сапарбай Жобаевпен Elordainfo.kz тілшісі әңгімелесті.

«КИОТО және ПАРИЖ конференциясының шешімі бойынша Қазақстан көмірқышқыл газдын 2050 жылға дейін азайту міндетін алған. Біз электр энергиясының 70 пайызын көмірден, 14 пайызын су, 5-6 пайызын жел, күн, ал қалғанын газ, мұнайдан аламыз. Жалпы көміртегі шикізаты біздің электр эненргиямыздың 80 пайызын беріп тұр. Осыны қандай жолмен және немен алмастыра аламыз?», - деді С.Жобаев.

Мамандардың пікірінше, көмірмен жұмыс істейтін станциялардың көмірқышқыл газды шығаруы – өте жоғары. Сол себепті бүкіл әлем көміртегі бейтараптылығына жету мақсатын қойып отыр. Біздің мемлекет те 2050 жылға дейін көмірқышқыл газдардың шығарындыларын бейтараптыққа жету мақсатын қойған.

«Бүгінгі таңда Қазақстан «жасыл» энергетиканы дамыту жолында. Бірақ, елімізде су электр станциясын салу мүмкіндіктері өте аз. Сондықтан электр энергиясын қайдан аламыз? Бізде тек «жасыл» энергетика яғни жел мен күн және атом электр станциясы салу мүмкіндігі қалады. Мәселен, табиғаттың тосын жағдайларына байланысты жел мен күн қажетті мөлшерде бере алмауы мүмкін. Демек, атом электр станциясы қалады. Тек, АЭС арқылы экономикамыздың дамуын электр энергиясымен қамтамасыз ете алуға мүмкіндігіміз бар», - деді спикер.

Сонымен бірге, еліміз экспортқа  көптеген тауар түрін (шикізат) шығарады.

«Тауарларды өндіруде көміртекті шикізат қолданылған болса, онда дамыған және өркениетті Еуропа елдері біздің тауарымызды алмауы мүмкін. Және өндірген өнімдерімізден түскен табысымыздан  «жасыл» энергетикаға өткен елдерге төлем - салық төлеуіміз керек. Қазақстан көміртегі шығарындыларын азайтпаса, онда төлемдеріміз көп болуы мүмкін», - деді сарапшы.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Франция, Үндістан, АҚШ, Канада секілді елдер электр энергиясын АЭС-тен алып отыр.

«Тағы бір маңызды тақырып – бұл қауіпсіздік мәселесі. Қоғамда кейбір азаматтар Чернобыль мен Фукусимадағы апатты еске алып, атом электр станциясына үреймен қарайды. Алайда осы сала мамандарының айтуы бойынша, бүгінгі күні АЭС қауіпсіз болып тұр. Тәжірибелі мамандар ел қауіпсіздігін негізге ала отырып, дұрыс тұжырымдамалар жасайды деген ойдамыз», - деді экономист сарапшысы.