Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми мәлімдеме жасады


2025 жылы ел аумағында шегірткелердің таралу көлемі 2,1 млн гектарға дейін жетуі мүмкін деп болжануда. Қазіргі уақытта 14 өңірде 596,3 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жұмыстар жоспарға сәйкес, штаттық режимде жүргізілуде. Оларды Ауыл шаруашылығы вице-министрлері, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, сондай-ақ өңірлерде құрылған жедел штабтар бақылауда ұстап отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы ахуалды жеке бақылауына алған.
Күрес шараларына 443 арнайы бүрку техникасы жұмылдырылып, зерттеу жұмыстарына 4 625 маман тартылған. Қажетті техника мен препараттар жеткілікті.
Сонымен қатар интернет кеңістігінде және бұқаралық ақпарат құралдарында шегірткелердің жаппай әрі бақылаусыз таралуы туралы шындыққа сәйкес келмейтін хабарламалар мен бейнематериалдар тарап жатыр.
«Мұндай ақпараттар шынайы жағдайға және зиянкестердің даму сатысына сәйкес келмейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.
Ақпаратты тек ресми дереккөздерден – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерінің ресми ресурстарынан алуға шақырамыз. Тексерілмеген мәліметтерді жариялаудан және әдейі жалған ақпарат тарату әрекеттерінен бас тартуға үндейміз», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.