Астанада жас журналистерге сертификаттар табыс етілді
Бүгін журналист-публицист, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеуші, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының биылғы лауреаты Төлен Тілеубайдың «Медиа әлемі» атты алты айлық курсын тәмамдаған жас журналистерге сертификаттар табыс етілді, деп хабарлады Elorda.info.
Солардың бірі – Астанадағы №8 мектептің түлегі Аружан Есенгелді. Ол ақпан мен шілде айлары аралығында курсқа қатысып, журналистика негіздерін меңгеріп шықты. Талабы зор оқушының алғашқы мақалалары баспасөзде жарияланды.
Мен биыл 11-сыныпты тәмамдадым. Оқытушымыз кез келген жаңа тақырыпты қарапайым тілде түсіндіріп берді. Сабақтар өте қызықты өтті. Сондай-ақ біз телеарналардың студияларына барып, кәсіби журналистермен кездестік. Бұл бізге мотивация берді. Мен де болашақта журналист болғым келеді. Шығармашылық емтихандардан жоғары балл алып, Л.Гумилев атындағы журналистика және саясаттану факультетіне құжаттарымды тапсырдым, - деді қатысушы.
Мектеп, колледж оқушыларының арасынан журналист болуды армандайтын балалардан іріктелген топтың мүшелері 6 ай бойы журналистика негіздерін меңгерді. Олар сауатты мәтін жазуға, аудиторияның алдында сөйлеуге машықтанды.
Мақсатым – қатысушыларға журналистика және саясаттану факультетіне түсу кезінде эссе жазуды үйрету. Одан бөлек, оқушының жеке портфолиосы болу-болмауы да маңызды рөл ойнайды. Сондықтан курс барысында олар жазған материалдар баспасөз беттерінде жарияланды. Бір сөзбен айтқанда, олар шығармашылық емтиханға дайын болып барады. Өзлеріңізге мәлім, бұл мамандық тиянақтылықты қажет етеді. Бұл сала мамандары үздіксіз даму үстінде болуы керек. Курста балалардың жазу қабілетін шыңдауға, болашағына бағыт-бағдар беруге арналған қызықты ойындар, шағын анкета, әлеуметтік сауалнама қолданылды. Журналистика негіздері мынадай 9 бағыт бойынша оқытылды: «Мамандық туралы», «Тақырып», «Жанрлар», «Жаңалық ақпараты», «Жалған ақпарат және фактчекинг», «Лид», «Блог және жаңа медиа», «Фотожурналистика және бейнежазба», «Мультимедиялық журналистика». Медианың түрлері бойынша шағын лекциялар оқылды. Ең бастысы, теориялық білім мен практикалық дәрістер қатар жүргізілді, - деді Төлен Тілеубай.
Заметка, хат, эссе, мақала, сұхбат, репортаж және т.б. журналистика жанрлары бойынша тыңдаушылардың дайындаған материалдары газеттер мен сайттарда жарияланды.