Астанада отбасылық жанжалға қатысты 1500-ге жуық әкімшілік іс сотқа жолданды
Астанада отбасылық жанжалға қатысты 1500-ге жуық әкімшілік іс сотқа жолданды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров айтуынша, полиция жасақтары мен кезекші жедел топтарының түнгі таралымында, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгенін жеткізді.
Заңнамаға енгізілген өзгерістерде тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жәбірленушілердің шағымынсыз қозғауға мүмкіндік береді. Енді сотта бір рет қана татуласуға болады. Ал қайталанған жағдайда, татуласу мүмкін емес.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің баптарында «дейінгі» деген шектеулер алынып тасталды. Қамауға алу 10, 15, 20 тәулік болып қалса, ал қайталап құқық бұзғаны үшін әкімшілік қамауға алу мерзімі 25 тәулікке дейін ұзартылды.
Қылмыстық кодекстің кейбір баптарына қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу түріндегі санкцияны қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті 6 жылдан 10 жылға дейін арттыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді, - деді Ренат Зулхаиров.
Түнгі кезекшілікте полицейлер басшылықпен бірге тұрмыстық келеңсіздіктер мен отбасылық жанжалдар туралы түскен хабарламалармен 7 отбасына барды. Оның екі бірдей жағдайында ұрып-соғу туралы арыз түскен.
Айта кетейік, елордалық полицияға жыл сайын отбасылық жанжалға байланысты 17 мыңнан астам қоңырау түседі.
Ұрып-соғу, денсаулыққа зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке алып келіп соқтырғанымен, мұндай деректер азаймай отыр. Көбінесе зорлық-зомбылық құрбандары «ол туралы айтқанды қаламайды», өйткені олар қаржылық немесе психологиялық тұрғыдан агрессорға тәуелді.
Осы жылдың 4 айында елордада отбасылық жанжалдарға қатысты 3 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылып, 1541 әкімшілік іс сотқа жолданды.