Астана-Белград бағыты бойынша тікелей әуе рейсі қашан ашылатыны белгілі болды

Бүгін, 15:39
Айман Нығмет Айман Нығмет
Астана-Белград бағыты бойынша тікелей әуе рейсі қашан ашылатыны белгілі болды
фото: freepik.com

Астана мен Белград қалалары арасындағы тікелей әуе қатынасы 2025 жылдың соңына қарай іске қосылуы мүмкін, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және ҚР Сербия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Сербия Республикасының Құрылыс, көлік және инфрақұрылым министрі Александра Софрониевич ханымның арасында екі ел астаналары арасында әуе қатынасын ашу мәселесі бойынша келіссөздер өтті. 

Сонымен қатар Сербияның Туризм және жастар істері жөніндегі министрінің орынбасары В. Ракич ханыммен кездесу ұйымдастырылды.

«Келіссөздерге Қазақстан тарапынан «SCAT» әуе компаниясының басшылығы мен отандық туристік компаниялардың өкілдері де қатысты. Тараптар Астана мен Белград арасындағы тікелей рейсті 2025 жылдың соңына дейін іске қосу мүмкіндігін, соның ішінде «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалану арқылы жүзеге асыру жолдарын талқылады»,- делінген министрліктің хабарламасында.

Жаңа әуе қатынасы Қазақстан мен Сербия арасындағы туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.