«Алжир» музей-мемориальдық кешенінде көрме өтті
Бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алжир» музей-мемориальдық кешенінде көрме өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Мұнда қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың жұбайларының тағдырынан хабар беретін құнды құжаттар мен заттар қойылған. Көрмеге келушілер назарына шамамен 60-қа жуық жәдігер ұсынылды.
Біздің ғылыми қызметкерлер Грузияға, АҚШ-қа, Санкт-Петербургке барып, кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтарымен кездесті. Кездесу барысында олар қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың жұбайлары қолданған заттар мен құжаттарды әкелді. Соларды жеке көрме ретінде ұйымдастырып, бүгін халық назарына ұсынып отырмыз, - деді «Алжир» музей-мемориальды кешенінің директоры Самат Тергенбаев.
Ал көрмедегі тарихи жәдігерлерді тамашалауға көп адам жиналды. Олардың қатарында «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері де бар.
«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық күніне орай гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Кейін мемориалдық кешен өткізген экскурсияны тамашалады. Бұл жас сарбаздардың өткен тарихты ұмытпауына септігін тигізеді. Менің ойымша, қазіргі жас сарбаздар тарихты біліп жүруі тиіс, - деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы төрағасының орынбасары Нұралы Махметалыұлы.
Мұнда келушілер «Олардың есімдері біздің жадымызда мәңгі сақталады» атты дәрісті тыңдады.
Сондай-ақ жиналғандар «Алжирдің ызғарлы суығы» атты деректі фильмді тамашалады.