«Алты миллион теңге»: министрлік өкілі отандық автокөліктің бағасын айтты


Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен брифинге ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстанда автоөклік өндірісімен 8 өнеркәсіптік кешен айналысады. Оның екеуі жеңіл автокөлік өндірісіне бағдарланған. Қостанайдағы «Сарыарқа» автопром өнеркәсіптік кешені және Алматыдағы Hyundai өнеркәсіптік кешені. Олардың 2024 жылғы өндіріс көлемі жалпы жеңілөнеркәсіп бойынша 134 мыңды құрады. Қателеспесем, ең төменгі бағадағы класстағы автокөліктің құны – 6 млн теңгеге жуық», - деді Азамат Панбаев.
Комитет төрағасы өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
«Жалпы өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2029 жылға дейін қабылданған тиісті тұжырымдамасы бар. Осы тұжырымдамада негізгі өңдеу өнеркәсібінің бағыттары белгіленген. Сол тұжырымдаманы іске асыру бойынша жұмысты одан ары жалғастыратын боламыз. Оның ішінде негізгі бағыттар – металл өңдеу. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан бірқатар метал өңдеу бойынша алдыңғы қатарда. Сол металды ішкі нарықта өңдеп, металлдан дайын өнім өндіру бағытында жұмысты жүргізетін боламыз. Екінші бағыттардың бірі – химия өнеркәсібі. Оның ішінде мұнай-химия өнеркәсібі. Өндіріп жатқан мұнайдан дайын өнім алу. Үшінші бағыт – құрылыс заттарын өндіру. Қазақстан өзінің ішкі нарығын толық құрылыс материалдарымен қамтамсыз ету бағытында инвесторлармен жұмыс істейтін болады», - деді төраға.



