00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

AI Skills Accelerator for Girls: Астанада жасанды интеллектті үйрететін воркшоп өтеді

25 қаңтар, 2025
Торғын Аман Торғын Аман
AI Skills Accelerator for Girls: Астанада жасанды интеллектті үйрететін воркшоп өтеді
фото: freepik

2025 жылдың 6 - 7 ақпанында Астанада AI Skills Accelerator for Girls атты бірегей бағдарлама басталады. Жобаны ITU — ақпараттық технологиялар саласындағы БҰҰ-ның жетекші ұйымы мен Ernst & Young консалтингтік компаниясы ұйымдастырып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Воркшоптың мақсаты – қыздар мен әйелдерге болашақ технологияларын меңгеруге көмектесіп, олардың әлеуетін ашу және жасанды интеллектінің дамуына әлемдік деңгейде үлес қосу.

AI Skills Accelerator for Girls – әйелдерге қазіргі заманғы технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейтін жаһандық бастама. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында екі жыл ішінде 12 елден 1000 қыз-келіншекті оқыту жоспарланған, оларға технологиялық секторда табысты жұмыс істеу үшін қажетті білім мен ресурстар беріледі.

Қазақстан 2024–2025 жылдарға арналған бағдарламаға енген алғашқы алты елдің қатарында. Сондай-ақ Үндістан, Иордания, Кения, Мальта мен Парагвай бар. Бұған мемлекеттердің цифрлық трансформацияны қолдау және әйелдердің технологиялық саладағы үлесін арттыру бастамалары әсер еткен.  Воркшопта машиналық оқыту, үлкен деректер мен автоматтандыру технологияларының кіріспесі, этика мен жасанды интеллект қауіптері туралы тақырыптар қамтылады.  Сондай-ақ алгоритмдердегі әділдік, сынаржақтық пен технологияларды жауапты пайдалану мәселелер де қозғалады.

«Бағдарлама қатысушылары жасанды интеллектіні қолдануға қажет білім мен дағдыларды игеріп, пайдалы қосымшаларды жасауды үйренеді. Ең үздік жобада акселерациядан өтіп, халықаралық деңгейде танылу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, қатысушыларда әлемдік деңгейдегі сарапшылармен пікір алмасып, өз идеяларын дамыту және жүзеге асыру мүмкіндігі болады», деп көрсетті Аstana hub баспасөз қызметі.