40 мыңға жуық қазақстандық жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алды
2022 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 39 763 грант берілді. Гранттардың жалпы санының үштен бір бөлігінен астамын көпбалалы отбасылар алды. Соңғы үш жылда барлығы 38 мың грант беру жоспарланған болатын, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Грант алушылардың санаттары бөлінісінде 16 734 грант көп балалы отбасыларға, 5 142 грант – мүгедектігі бар адамдарға, 3 498 – мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, 1 611 – атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, 1 024 – асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға, 11 754 – басқа санаттарға берілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, гранттардың ең көп саны Қызылорда (6,5 мың), Түркістан (6,4 мың) және Жамбыл (4,7 мың) облыстарында, ең аз саны – Ұлытау (286) және Қостанай облыстарында (963) берілген.
Өтеусіз гранттар: мал шаруашылығына – 13 467, өсімдік шаруашылығына – 474, қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын – 9 488, технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 15 678, үй-жайды жалға алуға – 656 берілді.
Көптеген қазақстандықтар грант алып, өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда. Осындай мысалдардың бірі Астана қаласының тұрғыны Бота Тұрарбаева болды. Ол 2023 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, конкурсқа қатысып, 400 АЕК көлемінде грант ұтып алды. Алған ақшаға жеміс-жидектерді, тәттілерді сублимациялауға арналған құрал-жабдықтар сатып алып, қазіргі таңда азық-түлік флористикасымен айналысады.
«Үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын. Мен ұстаздық қызметте жүргенде науқас балалар мен гемоглобині төмен аналарды жиі байқадым. Мен неге дәмді және пайдалы тәттілерден сыйлықтар ойлап таппасқа деп ойладым.
Декреттік демалыста болған кезде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтап және қосымша азық-түлік флористика курсын оқыдым. Алынған қаржының арқасында құрал-жабдықтар сатып алып, жобамды жүзеге асыра бастадым», – дейді Бота Тұрарбаева.
Оның айтуынша, өз дағдыларын одан әрі дамыту үшін ол шоколад пен үй зефирін жасау бойынша кондитерлік курстардан өтті. Қазіргі уақытта кәсіпкер өз бизнесін кеңейтіп, «Botadan syi» студиясын ашты, сондай-ақ тағы екі әйелді жұмыспен қамтамасыз етті.
Естеріңізге сала кетейік, қайтарымсыз гранттар конкурстық негізде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға өтініш берілгенге дейін жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде (тіркеу мерзімі үш жылдан аспайтын) тіркелген жағдайда беріледі.
Гранттар тұтыну мақсаттарына, кредиттік қарыздарды өтеуге, тұрғын үй жылжымайтын мүлігін сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.
Келесі жылы 9 мың грант беру көзделген.