Елордада жас буын желтоқсаншылармен кездесті
Астанада Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Нағыз желтоқсан» қоғамдық қорының мүшелері елорда жастарымен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.
Аталған қоғамдық қордың президенті Құрманғазы Рахметов шараның басты мақсаты – пікір алысу болғандықтан дөңгелек үстел форматында өткізіліп отырғандығын атап өтті.
Сөз алған спикерлер өскелең жас ұрпаққа Желтоқсан ызғарында көзбен көргендері мен бастан кешкендерін бүкпесіз айтып берді. Мәселен, алаңға шыққан жастардың 900-і әкімшілік тәртіппен жазаға тартылса, 300-ден астамы оқудан шығарылған. 319-ы жұмыстан қуылып, 52-сі партия құрамынан аластатылған. 758-і бүкілодақтық лениндік комунистік жастар одағынан шығарылған. Барлық ұсталғандар саны 8500 адамды құраса, соның 99-ы әртүрлі мерзімге абақтыға тоғытылды.
Кездесуге келген студенттер де сұхбат барысындағы әсерлерімен бөлісіп, өз көкейіндегі сауалдардың жауабын естуге мүмкіндік алды.
Кездесу қорытындысымен Астана қалалық әкімдігі атынан бірнеше желтоқсаншыға «Алғыс хаттар» табыс етілді.
Сондай-ақ, «Желтоқсан үні» атты дәл осындай шараны ұйымдастыруға Алматы ауданы әкімдігі де мұрындық болды. Желтоқсаншылар мен жаңа буын сабақтастығын арттыруға, жастарда патриоттық сана-сезім мен қоғамдық жауапкершілікті өсіруге бағытталған келелі кездесу барысында Желтоқсан оқиғасының белді қатысушылары қазақ жастарының өшпес ерлігін айтып, басынан өткергендерімен бөлісті. Сонымен қатар, желтоқсан оқиғасының маңызын, оның тек Қазақстанның ғана емес басқа да мемлекеттердің тәуелсіздік жолындағы күрестеріне тікелей әсер еткенін айтып өтті. Кездесудің соңында оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, Желтоқсан оқиғасына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Шара барысында әкімдік өкілдері «Нағыз Қазақстан» қоғамдық қорының президенті Құрманғазы Рахметовке «Алғыс хат» табыстап, құрмет көрсетті.
1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы Театр, көркемсурет институтының актерлік факультетінің соңғы курс студенті болып жүрген Құрманғазы Айтмырза Желтоқсанға былай баға береді.
Жалпы бұл Желтоқсан туралы біздің ғалымдарымыз, зерттеушілеріміз, жазушыларымыз, журналистеріміз неше жылдардан бері қалам тартып келе жатса да, бұл уақыт өткен сайын құндылығы, мағынасы, мәні арта беретін мәңгілік тақырып. Өйткені тарихта ойып алар өз орны бар бұл толқудың ар жағындағы түпкі мазмұны ұлттық рухқа келіп тіреледі. Яғни рух тірі болса, Желтоқсан көтерілісі мәңгі халқымыздың көкірегінде сақталады. Ең бастысы да сол.
Желтоқсандағы жастар толқуы неліктен орын алды деген сұрақтар көп қойылады. Мұның жауабын арыдан іздейтін болсақ, қазақ ұлт ретінде басқадан кем болғысы келмеді. Қазақ халқы өзінің тілін, дәстүрін, тарихын, жалпы ұлттық болмысын сақтап қалғысы келді. Яғни, Желтоқсан көтерілісі ең бірінші ұлттық жадыға әсер етті. Ұлттық жады ұлттық санаға әсер етті. Сана оянып, ол сана ұлттық рухқа әсер етті. Міне, ұлт болып қалу мәселесі сол кезде бұлқынып, жарылып, жаппай халықты көшелерге, алаңдарға алып шықты. Яғни, мұны тұтас халқымыздың батырлығы деп есептеймін. Ал енді неге ұлттық сана оянды, неге ұлттық рухқа әсер етті деген сұраққа келетін болсақ, 300 жылдан астам Патшалық Ресейдің, 70 жыл бойы тоталитарлық режимнің езгісінде болған халықтың өзінің түп-тамырын іздеуі деп бағалауымыз керек. Ұлттық болмысымыздан енді болмағанда жұрдай болатын халге келген едік. Қазақтың ең басты құндылығы, яғни ұлттық коды – ана тіліміз құрдымға кетіп бара жатты. Алматының өзінде бір ғана қазақ мектебінің қалуы ұлтсыздануға қаншалықты жақын қалғанымызды көрсетеді. Кейбір ұлттық дәстүрлерімізді жасауға ұялатын, өз тілімізде сөйлеуге ұялатын деңгейге дейін жеттік. Міне, осындай жағдайда Колбиннің билік басына келуі сол талай жылғы іште қайнап келген ашу-ызаның бұрқ етуіне әкеліп соқты. Бұл ұлттық сананың оянуы деп есептеймін.
Бүгінде білім саласында қызмет ететін Гүлжамал Пердебайқызы ол кезде ҚазПИ-дің Көркемсурет, еңбек факультетінің 3-курс студенті әрі староста болатын. Ол Желтоқсан азаттыққа ұмтылған қазақтың әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы мінез көрсетуі деп есептейді.
Желтоқсан қазақ халқының абыройын асқақтатып, қазақ елінің рухты, жігерлі, намысшыл екенін әйгіледі. Мұны сол кездегі солақай саясат қазақ жастарының ұлтшылдығы деп баға бергенімен, бұл тұтас қазақ халқының қарсылық көрсетуі. Өйткені 86-жылғы желтоқсанда 18 минуттың ішінде Қонаевты орнынан алып тастап, Қазақстанды білмейтін басқа ұлттың адамын әкеліп қойған кезде жастар ғана емес, бүкіл қазақ халқы қарсы болды. Үш ғасырдан астам бодандықта болған елдің қалай да тұяқ серпіп, қарсылық білдіруі керек болды. Біз Горбачевтің демократия, қайта құру, ашықтық деген ұрандарына сеніп, өз үнімізді ашық жеткізу үшін бейбіт шеруге шықтық. Бірақ біз ойлағандай болған жоқ, бізді қабағы сұсты әскер қарумен қарсы алды. Алаңда арымыз бен намысымыз аяусыз жаншылып, тапталған кезде ғана оңбай қателескенімізді ұқтық. Демократия емес, тоталитарлық жүйенің өзгермегенін және өзгермейтінін түйсіндік. Міне, осындай әділетсіздікті көрген соң біздің жастарымыз ештеңеден қаймықпай, аяқ-қолдары, бастары жараланса да алаңға қайта шығудан тайсалмады. Қазаққа бостандық, тәуелсіздік әперген, қазақтың мәртебесін көтерген осы Желтоқсан көтерілісі.
Ал Нұрлан Есқалиев болса, ол кезде ҚазМУ-дың 3-курс студенті. Кейіпкеріміз Желтоқсан туралы ойын былай сабақтады.
Шынын айту керек, Мәскеу қазақ жастарынан мұндай мінез күтпеген. Ешкіммен санаспай, өздері билеп-төстеп үйреніп қалған әміршіл-әкімшіл жүйенің жастар алаңға шығып, наразалығын білдіреді, толқу тудырады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Намысты, өршіл жастардың оңайлықпен тарқамайтынына көзі жеткен соң ғана әскер әкеліп, аяусыз басып-жаншыды. Біздің жастар қорқып, бытырай қашады деп ойлады. Бірақ қазақ жастары қаймықпай 3 күн тұрды. Мұндай көтерілістер бір күнде бола қоймайды. Бұл талай ғасырлар мен жылдар бойы жиналып, пісіп-жетілген бітеу жараның жарылуы. Әлі есімде, сол кезде оқу орнындағы өзіміздің қазақ профессор: «Бара-бара қазақ, латыш, грузин деген ұлттар болмайды, тек Совет халқы болады. Тіліміз орыс тілі болады» деп студенттерге дәріс оқитын. Расымен, тоталитарлық жүйе ұлтсыздану саясатын қарқынды жүргізді. Міне, осындай тарихи әділетсіздікке тұңғыш тұяқ серпіген біздің қазақ жастары болды.Мұндай ауқымды толқу бұрын Совет Одағында болмаған еді. Неге өзге емес, қазақ жастары шықты деп бүгінгі күн мінберінен ой жіберіп көрсек, біз әу бастан көшпелі өмір салтын ұстанып, еркіндікке үйренген халық болғандығымыздан шығар дер едім. Ал ондай халықты қанша басып-жаншысаң да, құрсаулап, құрық салсаң да ол бодан болуға көнбейді. Ал қазақтың нағыз батыр халық екенін сол ызғарлы күндерде қайсарлықпен алаңға шыққан қазақ қыздарынан да аңғаруға болады. Олар өлшеусіз ерлік көрсетіп, жігіттерімізге рух берді. Өздері де зорлық-зомбылық, жәбір-жапа шекті. Міне, бұл біздің буынның жасаған ерлігі деп айтқым келеді. Біз өзімізді батыр деп есептемейміз, бірақ алаңда жалпы қазақтың батырлығын көрсете білдік.