«Қылмыстық жауапкершілікке тарту алимент мәселесін шешпейді»: министр


Бүгін Мәжілісте «Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтының проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбында Үкімет сағаты өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жиында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев алимент төлеуді өндіруге қатысты айтты. Министрдің сөзінше, елімізде жұмысқа орналастырылған борышкерлер саны жыл сайын артып келеді.
«Жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Жұмысқа орналастырылған борышкерлер саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы олардың саны 6 232 борышкерді құрады. Борышкерлерге қатысты қолданылатын шаралардың ең соңғысы – оларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту. Алайда бұл шараларды қабылдау алимент төлемеу мәселесін толығымен шешпейді»,- деді ол.
Былтыр елімізде 4642 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, ал 391 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Балаларды асырауға ниетінің болмауы, алимент төлеуден жалтару, отбасылық неке қатынастары дағдарысының салдары болып отыр. Бұған дәлел былтыр тіркелген 61080 ажырасу санын құрайтын статистикалық көрсеткіш. Бұл неке қию санының жартысына жуығын құрайды. Осы тұста отбасы институтын нығайту, балалардың мүдделерін қорғау бойынша жауапты мемлекеттік органдардың кешенді жұмыс жүргізуі қажет деп санаймын. Алимент төлеуді өндіру министрліктің ерекше бақылауында»,- деді министр.



