«Уәде етілген жылу әлі жоқ»: Қарағанды облысында тұрғындар дірдектеп тоңып отыр
Қарағанды облысы Шахан кентінде 2017 жылғы қазандық жарылысынан кейін жаңа орталық қазандық салынғанымен, кейбір жабдықтар жобадан алынып тасталған. Уәде етілген жылу жеке секторға жетпей, көпқабатты үйлердің шеткі бөліктерінде де толық қамтамасыз етілмеген, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
31-телеарнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасының мәлімдеуінше, Шахан кенті тұрғындары тағы да жылу мәселесіне шағымданып жатыр.
2017 жылы мұнда жылу қазандығы жарылып, 9 адам қаза тапқан еді. Сол қайғылы оқиғадан кейін кентте орталық қазандық салынса да, кейбір жабдықтардан бас тарту туралы шешім қабылданған. Шаханда қазандық салынғанда, жылу барлық тұрғындарға, тіпті жеке секторға да беріледі деп уәде етілген. Алайда 3 жыл өтсе де, жеке үйлерге магистралдық жылу жетпей, көпқабатты үйлердің шеткі бөліктеріне де дұрыс бармаған.
Шахан кентінің тұрғыны Валентина Донченко жылу қосымай, тоңып отырғанын айтты. Оның айтуынша, тұрғындар әкімге жүгінсе де еш шара қолданбаған. Құрылыс барысында жобадан жылуды тарататын орталық жылу пункттері алып тасталған. Бұл пункттер жеке секторды да орталық жылуға қосуға мүмкіндік берер еді.
Ал Шахан кентінің әкімі Ғалым Өмірбеков қазіргі орталық жылу пункттерінің жобасы әзірленгенін айтты.
"Сараптамадан өтіп, ал бюджетке өтінім министрлікке жіберілді. Бұл – үшінші рет жіберілген өтінім. Бірінші өтінім 2023 жылы берілді, бірақ қабылданбады. 2024 жылы да өтпеді", – деді кент әкімі.
Шахан тұрғындары жылу мәселесіне шағымданып жатыр. Көпшілігі – бұрынғы шахтерлер, бірақ қазір көмірді сатып алуға мәжбүр.
Зейнеткер Сергей Абрашкиннің айтуынша, бір маусымға көмір алу 200 мың теңгеге түседі, ал уәде етілген орталық жылу әлі жоқ.
Қоғам белсендісі Светлана Ержұманова биліктен 1,3 миллиард теңге бөлуді талап етіп жатыр. Алайда 2025 жылға қаржы қарастырылмаған. Газдандыру жобасынан да Шахан алынып тасталды, себебі мұнда орталық қазандық салынған, бірақ ол толық қуатында жұмыс істемейді.