Тегін үй алу үшін өтірік ажырасатын отбасылар көбейді

28 қаңтар, 2025
Торғын Аман Торғын Аман
Тегін үй алу үшін өтірік ажырасатын отбасылар көбейді
фото: Freepik

Ажырасып баюға болады. Мемлекет екі жаққа кеткендерге қол ұшын созып жатыр. Үйіңді де береді, қалтаңа ақшаңды да салады. Әлеуметтік желіде тараған осы ақпаратты оқығандар жаппай айырылысуға көшкен. Олар ойдағы олжаға кеңелу үшін отбасын ойрандаудан тайынбайды. Көздегенін алғаннан кейін түк болмағандай қайта қосылып, бақытты өмірін жалғастырады. Депутаттар бұл нағыз алаяқтық деп дүрлігіп отыр. Бұл туралы Elordainfo.kz astanatv.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.

2024 жылы әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары 5 елдің ішіне Қазақстан кірді. Бұл анау-мынау статистика емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі. Жастардың екі жаққа кетуіне көбіне материалдық жағдай әсер ететін көрінеді.

«Қазір менің күйеуім бар. Бірақ көріп тұрғандай дүние-мүлкім жоқ. Ал егер ажырассам, бірден байлыққа кеңелуім мүмкін. Мемлекет отбасы ойран болғандарға үйді де, көлікті де береді. Жоқ, алаяқтыққа бармаймын десең, бәріне өзің жетуің керек».

Бәрінің дәл осылай оңай болғанын қалайтындар тағдырдан теперіш көріп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен емес, әлеуметтік көмек үшін әдейі ажырасады. Екіге кетті деген аты ғана. Құжатпен бөлек болса да, жүрекпен біргеміз деп мемлекет берген қаржыны қысылмай иемденеді. Мүсәпірдің кейпін кешіп, мұқтаждықпен мақтанады.

Өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми түрде екіге кетіп, мемлекеттен көмек алған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ бала дүниеге келген. Тіпті, ағайын-туысы да, көрші-қолаңы да олардың ешқашан айырылыспағанын растаған.

«Соңғы уақытта сот тәжірибесінде де «жалған ажырасу» деген тіркес жиі айтыла бастады. Құқықтық тұрғыда бағалайтын болсақ, «жалған некенің» де, «жалған ажырасудың» да табиғаты – алаяқтықпен тең», - деді Парламент мәжілісінің депутаты,  «AMANAT» фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы.

Отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Неке және отбасы туралы» заңда жалған ажырасуды реттейтін бап та, норма да жоқ. Демек, оларды алаяқ десек те жаза қолдана алуымыз екіталай.

«Цифрлық технологияларды енгізуіміз керек. Қасақана ажырасып, үй алып алу үшін, сосын қайтадан қосылатындарды базадан тексеруге болады», - деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Мамандар мәселені шешудің бір-ақ жолы бар дейді. Ол – «Неке және отбасы туралы» заңға жалған ажырасу туралы норма енгізу. Бірақ, бұл- тек ұсыныс әзірге.