Төтенше жағдайлар министрлігі маңызды мәлімдеме жасады


Төтенше жағдайлар министрлігі балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, ата-аналарды барынша мұқият болуға шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«2025 жылдың басынан бастап 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлағаны туралы 34 хабарлама келіп түсті. Соның салдарынан үш бала қайтыс болды, қалғандары түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды», - делінген хабарламада.
Оқыс оқиғалар Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Абай және Ұлытау облыстарында орын алды. Алдыңғы жылдардағыдай, басты себеп – ересектер тарапынан бақылаудың аз болуы. Қараусыз қалған балалар терезе алдына шығып, жиһазды тіреуіш ретінде пайдаланады немесе салмақты көтере алмайтын москит торларына сүйенеді.
Өткен жылы ересектердің қарауынсыз қалған 2 мен 13 жас аралығындағы балалар терезеден құлаған 173 жағдай тіркелді.
Үйде болған кезде балалар, ең алдымен олардың ата-аналары қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек. Әрбір ата-ана баланың терезеден немесе балконнан құлап кету қаупін азайту шараларын білуі керек:
1. Үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз;
2. Терезені тиісті қорғаумен жабдықталмаған москит торларын пайдаланбаңыз – балалар мұндай торларға сүйеніп, нәтижесінде онымен бірге құлап түседі;
3. Балалар өздігінен терезені аша алмайтындай етіп, қауіпсіздік құлыптарын орнатыңыз;
4. Баланы қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезелер мен шыны есіктердің жанында ойнауға жол бермеңіз;
5. Балалар терезенің алдына шыға алмайтындай, жиһаздарды оның жанына қоймаңыз.



