Шымкентте бұрын істі болған азамат мектепте жұмыс істеген
Шымкенттегі бірнеше білім ошағында өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Прокурорлық тексеру нәтижесінде, білім беру мекемелерінің күзет қызметінде бұрын сотталған адамның жұмыс істегені, директор орынбасарларының артық сағат алуы, жұмыстан босатылған адамдарға жалақы төленгені белгілі болды. Бұл туралы Elordainfo.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Шымкенттік прокуратура 274 мектеп, 605 балабақша мен 38 колледжге тексеру жүргізіп, көптеген кемшіліктерді анықтады. Мәселен, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мұғалім ретінде артық сағаттар алған, мекемелерде мерзімі өткен дәрiлер мен медициналық бұйымдар қолданыстан алынбаған, жұмыстан босатылған қызметкерлерге жалақы төленген, ал күзет қызметінде бұрын сотталған адамдар жұмыс істеген.
«Бұған қоса күрделі жөндеу жұмыстарының толық атқарылмағаны, мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша айыппұл өндірілмегені, сотқа талап-арыз берілмеуі және мектеп оқушыларын тасымалдау кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Асханаларда ветеринариялық-санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған, әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалар жұмыс істеген, нысанның терроризмге қарсы қорғалуы толық қамтамасыз етілмеген», — делінген Шымкент қалалық прокуратурасының хабарламасында.