Сенат депутаты мақта саласын дамыту туралы заң әзірлеу қажет екенін айтты

29 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Сенат депутаты мақта саласын дамыту туралы заң әзірлеу қажет екенін айтты
фото: видеодан алынған кадр

Бүгін Сенат отырысында депутат Мұрат Қадырбек елімізде мақта шаруашылығының жағдайы жыл сайын нашарлап келе жатқанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Еліміздің оңтүстігінде мақта шаруашылығы - өңір халқының бірден-бір күнкөріс көзі және аймақ экономикасының негізгі саласы. Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындап отыр. Түркістан облысы - республикамыздағы мақта өңдіретін жалғыз өңір. Бұл бағытта 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта жиналады. Осы өнім түрін игеріп жатқан шаруа қожалықтары мен өңдеушілердің соңғы жылдардағы жағдайы тұрақсыз. Шаруалар  өнімін дұрыс мөлшерде ала алмай, еңбегінен табыс табудың орнына тек шығындарын өтеп, кей жағдайларда қарызға батып, ертеңгі күніне алаңдаумен келеді»,- деді Мұрат Қадырбек.

Сенатор бұл жағдайға алып келіп отырған негізгі себепті атады.

«Өндірілген өнімнің басым көпшілігі шикізат ретінде терең өңделмей, делдал арқылы экспортқа шығарылады. Бұл жайт біздің экономикамыздың сыртқы факторларға тәуелділігінің тағы да бір көрінісі. Елімізде мақта талшығын терең өңдейтін тек үш кәсіпорын бар. Олардың үлесі 15 пайыздан аспай отыр. Ал жиналған мақтаның 85 пайызы шикізат түрінде әртүрлі делдалдар арқылы экспортталады.  Мақта өнімін қайта өңдеу қызмет ақысы тоннасына 150-170 мың теңге. Салыстырмалы түрде қарасақ, көрші Өзбекстанда бұл қызметтің түрі тоннасына 40-60 мың теңгені құрайды. Өңірдегі өңдеу қызмет ақысы 3 есе артық. Сонымен қатар жоғарыда аталған 3 кәсіпорынның ішкі нарықта мақта өнімін өткізе алмауы да себеп болып отыр»,- деді ол. 

Осылайша сенат депутаты Үкімет басшысына мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс білдірді.

«Нарықтық экономикаға сай барлық тараптардың құқықтары қорғалып, әділ бәсекелестік пен сапалы өнім алу мақсатында арнайы мақта саласын дамыту туралы заңын әзірлеу мәселесін қарастыру қажет. Қазақстандық мақтаның сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу және енгізу қажет. Оған жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуы тиіс. Мақта шаруашылығы саласындағы отандық шаруаларды Офтейк-келісімшарттармен қамтамасыз ету қажет»,- деді  Мұрат Қадырбек.