00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Парламенттегі харассмент: Азат Перуашев Садықовдың партиядан шығарылу себебін түсіндірді

4 қыркүйек, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Парламенттегі харассмент: Азат Перуашев Садықовдың партиядан шығарылу себебін түсіндірді
Фото: Elordainfo.kz

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев  А.Садықовтың партиядан шығарылғаны жөнінде түсініктеме берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Азат Перуашев айтуынша, А.Садықовқа қатысты бірқатар шағымдар түсіп, онда айтылған жәйттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылған.

«Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын. Мәселен, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам А.Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып арызданды. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде ватсабына А.Садықовтан келіп түскен хабарламалардың скринін көрсетті», - деді Азат Перуашев.

Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарды жауапсыз қалдырып, елемеген екен. Алайда, 15 мамырда бұл әрекеттер тағы қайталанған және арызданушының айтуынша, А.Садықов жыныстық бопсалауды жүйелі түрде басқа күндерде де жалғастырған.

Бірақ, А. Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігіне байланысты, харрасментке тап болған жәбірленуші құқықтық қорғауға жүгіне алмаған.

«Пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіндігі туралы ескертуіме жауап ретінде А.Садықов «өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екендігін» айтты. Сондықтан, біз бұл кедергіні алып тастадық, ал, А.Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім жәбірленушіге ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді. Оның лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде осындай шешім қабылданды. Олардың кейбіреулері құқық қорғау органдарының да назарын аударуы мүмкін, ондай жағдайда қажетті көмек көрсетуге дайынбыз», - делінген Перуашевтың желідегі парақшасында.

Сонымен қатар Перуашев А. Садықовқа қатысты шешім қабылданғанын мәлімдеді.

«Пленум нақты фактілерге сүйене отырып А. Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Соның ішінде, бұл жағдайлардың одан да қауіпті салдары болмас үшін. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті болса да, осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүрмін», - деді ол.