Лудомандармен күрес бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр


Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2024 жылы елімізде заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Аталған жоспар құмар ойындарға тәуелділік пен заңсыз ойын бизнесінің таралуына жол бермеу, халықтың түрлі санаттары арасында алдын алу шараларын күшейту және тәуелді азаматтарға кешенді көмек көрсетуге бағытталған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жоспар 4 негізгі бағыт пен 28 нақты іс-шарадан тұрады. Оның ішінде маңызды бағыттардың бірі – лудоманияның алдын алу. Аталған бағыт бойынша төмендегідей жүйелі шаралар іске асырылуда.
Әлеуметтік зерттеу жүргізілді:
Республикалық деңгейде жүргізілген әлеуметтік зерттеу барысында құмар ойындарға бейімділіктің себептері мен таралу ауқымы анықталды. Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 5 998 азамат қатысты. Сонымен қатар ойын бизнесі саласындағы және оған жанама қатысы бар 20 сарапшымен сұхбаттар өткізілді.
Зерттеу нәтижелері бойынша елімізде құмар ойындарға тәуелді азаматтардың болжамды саны анықталды:
- лицензиясы бар казино мен ойын автоматтары залына – 459 444 адам;
- интернет-казиноға (елімізде тыйым салынған) – 484 055 адам;
- лицензиясы бар букмекерлік кеңселерге – 456 276 адам;
- лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселерге – 494 019 адам;
- заңды лотерея өнімдеріне – 491 710 адам.
Жастармен және жасөспірімдермен жүйелі жұмыс жүргізілуде:
Оқушылар, студенттер және жастардың басқа санаттары арасында лудоманияның алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, білім беру ұйымдары мен мүдделі мекемелерге таратылды.
Білім беру мекемелерінде қызмет ететін 800-ден астам педагог пен психолог үшін арнайы оқыту ұйымдастырылып, лудоманиямен күресудің негізгі тәсілдері түсіндірілді. 6 мыңнан астам мектеп өзінің тәрбие жұмысының жоспарына құмар ойындар мен интернетке тәуелділіктің алдын алуға арналған бөлім енгізді.
Мектептер жанынан Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылып, 1-11-сынып оқушыларының ата-аналарына арналған арнайы бағдарлама аясында айына екі рет өтетін, жалпы саны 24 сабақтан тұратын курс қолға алынды.
Қоғамның әртүрлі топтарын қамтитын түсіндіру және ағарту шаралары:
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен басқа да діни бірлестіктердің қолдауымен құмар ойындардың зияны туралы 1 миллионнан астам азаматты қамтыған 4 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі желісі бойынша 2024 жылы жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Саламатты өмір салты үшін!» флешмобы, Денсаулық фестивалі, «Бірінші курс студенті» спартакиадасы сияқты 400-ден астам іс-шара өткізілді.
Қорғаныс министрлігі тарапынан әскери бөлімдер мен мекемелерде 38 дөңгелек үстел, 7 конференция, 14 жиналыс, 16 919 әскери қызметшімен жеке сұхбат және әңгімелесу өткізілді.
Кешенді жоспардың орындалуы – құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алуға, халықтың психологиялық денсаулығын нығайтуға және саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Туризм және спорт министрлігі бұл бағыттағы жұмыстарды мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және білім беру мекемелерімен тығыз өзара іс-қимылды жалғастыра береді.



