Енді кез келген азамат тұрғын үй кезегіне тұра алады


24 мамырдан бастап мемлекеттік тұрғын үй кезегі толығымен «Отбасы банкінің» құзырына өтеді, – деп хабарлайды Elorda.info.kz сайты krisha.kz сайтына сілтеме жасап.
Егер сіз қазірдің өзінде кезекте тұрсаңыз, осы уақытқа дейін өз деректеріңізді тексеріп, қажет болса түзетулер енгізу аса маңызды.
24 мамырдан бұрын не істеу керек?
Мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған әр адам өз деректерінің бар-жоғын міндетті түрде тексеруі керек.
kezekte.kz сайтына кіріңіз.
Тегі, аты, әкесінің аты мен ЖСН жазып іздеңіз.
ЭЦҚ талап етілмейді.
Егер тізімнен өзіңізді таппасаңыз, тұратын жеріңіздегі әкімдікке дереу жүгініңіз. Аймақтарда кезектегілерді қайта тексеру жүріп жатыр, сондықтан базадан шығып қалмау маңызды.
24 мамырдан кейін не өзгереді?
Барлық кезектегілер мен жаңа өтінімдер «Отбасы банк» жүргізетін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» атты электронды жүйеге көшіріледі.
Жаңа жүйе:
тұрғын үйі бар-жоғын автоматты түрде тексереді;
отбасы жағдайы мен мәртебесін талдайды;
тізімді адам факторынсыз қалыптастырып, жемқорлық пен қателіктерді болдырмайды;
баспананы үлестіру тәртібін реттейді.
Енді соңғы 5 жылда үйі болмаған кез келген азамат (әлеуметтік осал санатқа кірмесе де) кезекке тұра алады.



