00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалық әлеуметтік қызметкер: Қызмет алушылардың жайлы өмір сүруі маңызды

Елордалық әлеуметтік қызметкер: Қызмет алушылардың жайлы өмір сүруі маңызды
фото: Elordainfo.kz.

Елімізде жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні атап өтіледі. Бұл салада жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп, өз ісін абыроймен атқаратын жандар еңбек етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Біздің кейіпкеріміз Саягүл Садырова — «Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман болып жұмыс істейді. Ол бұл қызметпен он үш жыл бұрын танысқан. Содан бері орталықтағы  жалғызілікті зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектулі жандарға қамқорлық жасап келеді. 

«Менің негізі мамандығы – мұғалім. Қарағанды облысы Нұра ауданында 4 жыл математикадан сабақ бердім. Кейін Астанаға көшіп келдік. Міне, қазір 13 жыл осы мекемеде жұмыс істеп келемін. Біздің орталықта жеті әлеуметтік қызмет түрі ұсынылады. Оған медициналық, психологиялық, тұрмыстық, құқықтық, экономикалық,  еңбек және мәдени  қызмет түрлері кіреді. Әлеуметтік қызметкерлер осы қызмет түрлерін үйлестіріп, олардың сапалы атқарылуына мән береді»,- дейді Саягүл Садырова. 

«Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 345 қызмет алушы бар. Оларға тұрақты түрде әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Әр қызметкер 50 адамды қамқорлығына алады екен.

43 жастағы әлеуметтік қызметкер қамқорлығындағы ата-әжелердің әңгімелерін тыңдап, қажет тұста қолдау білдіретінін жасырмады. 

«Басында бұл жерде жұмыс істеу эмоционалды жағынан қиындау болды. Өйткені бұған дейін кәрілік жеңіп, жақындарының көмегіне зәру жандардың шарасыздығын жиі көре бермейтінмін. Олардың тағдыр жолымен танысып, әрқайсысымен тілдесу жолын таптым.  Қазір менің бақылауымда 50 қызмет алушы бар. Олардың түрлі  әлеуметтік қызмет алуын ғана емес, көңіл күйі, басқа қызмет алушылармен жақсы қарым-қатынаста болуын қадағалаймыз. Қарттар біздің орталықта  жайлы өмір сүруі үшін әрқашан олармен тілдесіп тұрамыз»,- дейді әлеуметтік қызметкер. 

Кейіпкеріміз қарттардың жақындарымен де тығыз байланысты. Оларға қызмет алушының жалпы жағдайы туралы хабарлап отырады.

«Біздің күнделікті жұмыс күніміз әр қызмет алушының бөлмесіне барып, тілдесуден басталады. Олардың жағдайын сұрап, қандай да бір мазалаған сұрақтары болса, сол жерде шешуге тырысамыз. Медбикелер қашан да олардың денсаулығын тексеріп тұрады. Бізде күнделікті күн тәртібі бар. Сол кесте бойынша олар уақтылы тамақтанып, әртүрлі қызмет түрлерін алады.  Егер қызмет алушы жақындарының үйіне баратын болса, оған өтініш жазуға көмектесеміз. Орталықта болмаса да,  ол кісімен байланыста боламыз.  Жақындарына хат жазатын адамдар болады. Ол кезде де хат жазуға көмектесіп, өзіміз «Қазпоштаға» апарып береміз. Қажет болған жағдайда емханаға апарып, тіпті концерт көруге де бірге барамыз»,- дейді Саягүл Садырова.  

Әлеуметтік орталықта әр мереке ерекше аталып өтіледі. Әлеуметтік қызметкерлер қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың ықыласына қарап таппақ беріп, концерттерде белсенді болуға шақырады.

 «Бізде әр қызмет алушының жеке жұмыс жоспары жасалады. Онда оның денсаулық жағдайы, әрі қарай дәрігер  мен психолог маманның нұсқамасы беріледі. Сосын әр тоқсан сайын оның жағдайы бағаланады. Біздің мекемеде әр мереке ерекше тойланады. Қызмет алушылардың жасы келген болса да, оларды белсенді болуға шақырамыз. Ән айтып, қолөнер жасау керек болса оны да жасап, бірге таппақ жаттап белсенділік танытамыз. Наурыз мейрамында қазақтың ұлттық дәстүрін көрсетсек, күзгі балда осы мезгілдің ерекшілігін көрсететін концерттік бағдарламалар жасаймыз. Қалада өтетін концерттерге де бірге барып жүрміз,- дейді әлеуметтік қызметкер. 

Орталықтағы әлеуметтік қызметкерлер әрқашан біліктіліктерін арттырып отырады. Саягүл Садырова да осы уақытқа дейін 10-нан аса біліктілікті арттыру курстарына қатысқан.

«Жалғызбасты қарттарды қадірлеу — парызымыз. Жасы келіп, көмекке мұқтаж кезде жақындары болғаны жақсы ғой. Өкінішке орай, орталыққа келіп, әлеуметтік қызмет алушылар саны артты. Сәйкесінше, әлеуметтік қызметкерлер саны да артты. Қазір өзім сияқты қызмет атқаратын 6 әріптесім бар. Қарап отырсақ, әлеуметтік қызметкердің жұмысы мұғалімдікіне ұқсас. Тек  қызмет алушылардың жасы үлкен, біз олардың әлеуметтік белсенді болуына, өзге де қарттармен байланыс орнатып, орталықта жайлы өмір сүруі үшін тырысып келеміз»,-  дейді кейіпкеріміз.   

Әлеуметтік қызметкер болу жанашырлық, психологиялық төзімділік пен шыдамдылықты қажет етеді. Себебі, бөгде адамның бабын табу оңай емес.