Депутат әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Үкіметке әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру және жұмыс жағдайын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныс жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутат өз сауалында елдегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы ахуалдың мән-жайына тоқталып өтті.
«Еліміздегі ерекше балалармен жұмыс істейтін, оларды емдейтін, жаттықтыратын, күн сайын жүздеген баланы арнайы мекемеде, кейбірін үйіне барып оқытатын мыңдаған маман бар. Бірақ ерекше баланы қатарға қосу үшін жанын салатын қызметкерлерге ерекше жағдай жасап, жұмыскерлерді жоғары жалақы алатындардың қатарына қосу қиямет-қайым қазір», - деді ол.
Мәселен, Астанадағы «Жансая» орталығында 640 бала ем алады, 160 қызметкердің орташа жалақысы 180 мың теңге ғана. Салдарынан кадр тапшылығы артып, 2024 жылы 53, биылғы жарты жылда 28 маман жұмыстан кеткен. Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс енгізді. Оның ішінде Үкіметтің №1193 бұйрығын өзгертіп, әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру, қосымша демалыс күндерін беру, педагогтарды теңестіру, жұмыс уақытын қысқарту, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар әзірлеу және жалға берілетін тұрғын үй тізіміне қосу бар.



